«Таза Қазақстан» экологиялық фестивалі аясында астаналық оқушылар өздерінің экологиялық жобаларын Мемлекет басшысына таныстырды

2025 жылы 21 сәуірде елордадағы «SANA» жаңа ұрпақ орталығында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалі өтті.  Экофестивальде Президент осыдан бір жыл бұрын ел болып  бастаған «Таза Қазақстан» жобасының маңызына тоқталып, осы жалпыұлттық бастамаға алғашқы күннен бастап белсене қатысып жатқан әр азаматқа шын жүректен ризашылығын білдірді.

Экофестиваль аясында  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық жобалар көрмесімен танысты.  Көрмеге  қоқыс өңдеу, өндірістік кәсіпорындар жобалары, табиғат тазалығы бойынша стартаптар, мектеп оқушыларының экологиялық бастамалары, сонымен қатар балалардың қоршаған орта тақырыбына арналған шығармашылық жұмыстары қойылды.

Астаналық оқушылар Камила Қышқашбаева (БИЛ қыздар), Сейтахмет Айғаным (№82 «Дарын» МЛ), Ғұмырбек Амина (№38 МЛ),  Ермекұлы Нұрбақыт, Шаяхмет Айзат (№40 ОМ),  Муратова Айзада (№ 60 МЛ), Сарсенова Сымбат (79 МЛ) өз жобаларын Мемлекет басшысына таныстырды.

Жастар ұсынған жобалармен танысқан Мемлекет басшысы әр бастамадан туған елге, табиғатқа деген қамқорлық байқалатынын атап өтті. Президент Қазақстанның болашағы осындай санасы сергек, ойы ұшқыр жастардың қолында екенін баса айтты.

 «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалі аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экобелсенділермен бірге Астана қаласындағы «Жастар» саябағында ағаш екті.

 «Бүкіл қазақстандық ағаш егу күні» акциясы аясында ел бойынша соңғы үш күнде 4,5 миллионға жуық көшет отырғызылған.