«СӘУЛЕЛІ КӨЛЕҢКЕ» БАЙҚАУЫ: ӨНЕР МЕН ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ТОҒЫСҚАН СӘТ

Бүгін Астана қаласының Қуыршақ театрында тіл мен әдебиеттің көркем әлемін жас өрендердің шығармашылығымен ұштастырған «Сәулелі көлеңке» байқауы өтті. Жас өнерпаздар сахнада өз шеберліктерін көрсетіп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Байқаудың Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Ұлттық кітап» күнімен тұспа-тұс келуі шараның маңызын арттыра түсті. Кітап — ұлттың рухани қазынасы, ұрпақтар арасын жалғайтын алтын көпір. Байқау барысында жас буын қазақ ағартушыларының терең ойларымен танысып, ұлттық әдебиеттің асыл мұрасын сахна тілімен жеткізді. Шараның ерекше тұсы — өзге этнос өкілдерінен құралған оқушылардың қазақ тілінде еркін сахналаған қойылымдары болды. Олар мемлекеттік тілдің көркемдігі мен құдіретін өнер арқылы танытты. Көлеңке театрының сахнасында жас актерлер Абайдың философиялық ойларын, Ыбырай Алтынсариннің білімге шақырған үнін және Ахмет Байтұрсынұлының ана тіліне деген сүйіспеншілігін әсерлі жеткізді. Қазылар алқасы қатысушылардың дайындық деңгейі мен шығармашылық ізденістеріне жоғары баға берді. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері: I орын: №26 мектеп-гимназиясы; II орын: №65 мектеп-лицейі, №85 мектеп-лицейі; III орын: №60 мектеп-лицейі, Қадыр Мырза Әлі атындағы Binom мектеп-лицейі, Neotech Digital School; Грамота: №2 мектеп-гимназиясы, №8 мектеп-лицейі, №15 мектеп-лицейі, №59 мектеп-лицейі, №111 орта мектеп. «Сәулелі көлеңке» байқауы өнер мен білімге деген құштарлықтың, тілге құрмет пен ұлттық құндылықтарға адалдықтың жарқын үлгісіне айналды. Жас таланттарды жетістіктерімен құттықтаймыз! Мемлекеттік тілді меңгеріп, ұлттық мұраны дәріптеу жолындағы ізденістеріңіз жалғасын тауып, жаңа белестерге жетелей берсін!

https://www.instagram.com/p/DXeqwreDJp8/?utm_source=ig_web_copy_link&rpxt=MzRlODBiNWFlZA==&srtk=MzRlODBiNWFlZA==