«JasSkills Nur-Sultan-2022» қалалық чемпионаты

Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы басшысының 2022 жылдың 9 наурыздағы №146 «WorldSkills Nur-Sultan-2022 қалалық чемпионатын ұйымдастыру және өткізу туралы» бұйрығына сәйкес «Шеберлікке қадам» деген ұранмен «WorldSkills» чемпионаты аясында биылғы жылдың 16-19 мамыр аралығында жалпы білім беру мектептерінің 8-9 сынып (14-16 жас) оқушылары арасында «JasSkills Nur-Sultan-2022» қалалық чемпионаты «Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығының ұйымдастыруымен өтті. Чемпионатқа 7 білім беру мекемесінен 8 елордалық жеткіншек 3 құзіреттілік бойынша қатысты.
Чемпионаттың мақсаты: техникалық шығармашылық саласында дарынды балалар мен жастарды анықтау және қолдау, оқушыларды ерте кәсіби даярлау. 16-17 мамыр күндері Менеджмент, бизнес және білім колледжінде өткен «Сән технологиясы» құзіреттілігі бойынша 3 оқушы сайысқа түсті: №25 орта мектебінен Сүлейменова Анель; №59 мектеп – лицейінен Сәулет Айсұлу; №82 «Дарын» мамандандырылған лицейінен Саян Зауреш.
Чемпионаттың бірінші күні қатысушылар 4 модульден тұратын тапсырмалардың 1,2 модулін орындады. Яғни:
1 – модуль белдемшенің 3 моделінің эскизін сызу, 1 сағат;
2 – модуль өзі сызған үш модельдің біреуін таңдап, белді бұйымның лекалдарын әзірлеу және жаймалау жұмыстарын орындау, 3 сағат.
Екінші күні 3 – модуль белдемшені тігу 4 сағат;
Белдемше тігіліп болған соң ең соңғы 4 – модуль қара жәшіктен таңдап алған әшекейлерімен белдемшені сәндеу жұмыстарын орындайды 1 сағат.
Сондай-ақ 16-17 мамыр күндері Жоғары көлік және коммуникация колледжі базасында «Электромонтаждық жұмыстар» құзыреттілігі бойынша чемпионатқа №22 мектеп-гимназиясынан 3 оқушы: Надеин Данил, Давыденко Ярослав, Коломейчук Архип қатысты.
«Электромонтаждық жұмыстар» құзыреттілігі бойынша қатысушылар 4 модульден тұратын тапсырмаларды орындады:
1 модульде электромонтаждау жұмыстарын жүргізуге дайындық;
2 модульде электр жабдықтарын орнату және монтаждау, кабельдер мен сымдарды төсеу және қосу;
3 модульде электр желісі мен электр жабдығын іске қосу-жөндеу жұмыстары;
4 модульде қолданыстағы электрмен жабдықтау жүйесінің электр жабдығы мен электр желісінің жарамдылығын тексеру.
18 мамыр күні «Мейрамханалық сервис» құзыреттілігі бойынша Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледж базысында өткен қалалық чемпионатқа 2 оқушы: Бокижанова Солидат №1 мектеп-лицейінен; Башаева Алия №85 мектеп-лицейінен қатысып, келесі тапсырмаларды орындады:

  • Жұмыс орындарын, құрал-жабдықтарын даярлау, 5 мин.;
  • ыдыс-аяқтарын сүрту (натирка), 20 мин.;
  • берілген майлықтарды (салфетканы) сәндеудің үш түрінің таңдап алған бір түрінде (май шам-свеча) бүктеу, 10 мин.;
  • 2 адамға арналған үстелді безендіру (сервировка стола), 20 мин.;
  • 10 түрлі әдіспен майлықтарды (салфетканы) бүктеу, 10 мин.
    Қатысушылардың барлығына аспаптар мен құралдардың бірдей жиынтығы ұсынылды. Қатысушылардың жұмысын тәуелсіз сарапшылар бақылап, бағалады.
    «JasSkills Nur-Sultan-2022» қалалық чемпионаттың қорытындысы 27 мамыр күні өтетін салтанатты марапаттау рәсімінде белгілі болады.