«RoboZerde-2024» 1-ші Республикалық робототехника фестивалінің қалалық кезеңі

​2024 жылдың 21 сәуірінде №9 «Зерде» мамандандырылған лицейінде Әлихан Мақсұт атындағы «RoboZerde-2024» 1-ші Республикалық робототехника фестивалінің қалалық кезеңі өтеді.
Әлихан Мақсұт «RoboZerde-2024» робототехника фестивалінің ұйымдастырушылары: Әлихан Мақсұт дарынды балаларды қолдау қоры,
«Астана дарыны» дарынды балалар мен дарынды жастарды анықтау және қолдау орталығы, №9 «Зерде» мамандандырылған лицейі, «Robotek» робототехника мектебі, «Марс робототехникасы» мектебі.

Фестиваль «Зерде» лицейінің дарынды оқушысы, жас ақын, өмірден ерте кеткен, республикалық және халықаралық олимпиадалардың, физика және робототехника саласындағы ғылыми жобалардың бірнеше дүркін жеңімпазы, жас жеткіншек Әлихан Серікзатұлы Мақсұтты еске алуға арналып екінші жыл өткізіліп отыр.
Фестивальдің мақсаты – оқушылардың бағдарламалауға, техникаға, механикаға қызығушылығын арттыру, баланың шығармашылық тұлғасын дамыту және инновациялық жобаларды насихаттау.
Биыл фестивальге Республикалық мәртебе берілді. Қалалық іріктеу кезеңнің жеңімпаздары республикалық кезеңге қатысады. Сонымен қатар биылғы жылы жаңа аталымдар қосылды.

Фестивальге қатысушылар «RoboSport» робототехникасы бойынша келесі аталымдардан сайысқа түседі: Арқан тартыс (10-13 жас), Асық ату (12-18 жас), Ақсүйек (14-18 жас), Мерген (12-18 жас), және «Мәдени мұра және инновация» шығармашылық санаты (12-18 жас).
Дарынды мектеп оқушыларының ғылыми дағдыларын арттыру үшін алдағы уақытта фестивальді халықаралық деңгейге шығару жоспарлануда.

Қосымша ақпаратты «Астана Дарыны» орталығынан алуға болады: Қабанбай батыр даңғылы, 33, Нұра ауданы әкімдігі, 5 қабат, e-mail: astanadaryn@mail.ru, тел.: 250326