«Ғылым – ғажайып әлем» интерактивті жетістіктер көрмесі

          2024 жылы 12 сәуірде  әл-Фараби атындағы  Оқушылар сарайында (Момышұлы даңғылы, 5) Ғылым күні аясында  Білім басқармасының қолдауымен «Астана Дарыны» орталығы «Ғылым – ғажайып әлем» интерактивті жетістіктер көрмесін өткізді. 

         Көрме  Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті, көрнекті академик Қ.И. Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.

        Қазақстандағы ғылыми қызметті ұйымдастырудың бастауында Қаныш Имантайұлы Сәтбаев тұрды, ол бүкіл саналы ғұмырын туған елінің ғылымы мен оның дамуына арнады.

       «Астана дарыны» орталығы  келушілердің жас ерекшелігі мен талғамына сай   қызықты бағдарлама дайындап ұсынды. Көрме Оқушылар сарайы ғимаратының  төрт қабатына  орналастырылды.           

       Бұл күні келушілер академик Қ.Сәтбаевтың өмірі мен қызметіне арналған «Қазақтың Қанышына – 125 жыл» көшпелі музейін, Қ.Сәтбаев атындағы №61 мектеп-лицейінің  ұстаздары мен  оқушылары  күшімен  дайындалған  «Қазақтың Қанышы» театрландырылған қойылымын тамашалады. Сонымен қатар  жас зерттеушілер өз жобаларын  қорғайтын II қалалық «Қаныш Сәтбаев және Қазақстан» конкурсы, оқушылар өздерінің қызықты макеттерін ұсынатын «Ғылымдағы дебют»  байқауы да осы көрме аясында өтті.

      “Ғылым – ғажайып әлем” интерактивті жетістіктер көрмесін ҚР Оқу- ағарту министрлігі «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының директоры Гаждембек Қуанышұлы Тұрсынов құттықтау сөзімен ашты.

      Әр алаңдағы: Роботек, STEM, Астана Хаб Drone Tech орталығы, «SANA» жаңа ұрпақ орталығы, ALPHA Academy компаниясы (кәсіптік бағдарлау орталығы), «American Corner and Maker Space Astana» орталығы жұмыстарына  оқушылар мен қонақтар зор  ықылас танытты. Әсіресе зымыран жасау алаңы ерекше қызығушылық тудырды. Балалардың  қолда бар құралдардан өздері  жасап, өздері ұшырған  зымырандары оларды ерекше көңіл күйге бөледі. 

     Көрме  алаңдарының  бірінде  орналасқан  химиялық шоу  да қонақтарды бірден баурап алды. Жиылған үлкен де кіші де шоуға белсене қатысты.

    Қазіргі таңда ғылым –  адамзаттың болашағына қажетті басты шарттың бірі.   Ғылымды дамыту және танымал ету – адам өмірінің барлық салаларын жаңартудың ең үлкен факторы және жастарды қоғам өміріне тарту үшін маңызды. Сондықтан  аталған  іс-шара барлық келушілер үшін үлкен мерекеге айналды.  Көрмеде берілген ақпараттар жай ғана  зерттеу ретінде емес, жаңа, әлі белгісіз және қызықты дүние ретінде қабылданды.

   Әрбір оқушының қабілетін ашып, жоғары технологиялы, бәсекеге қабілетті әлемде өмір сүруге дайын жеке тұлғаны тәрбиелеуді көздеген ғылым жетістіктері көрмесі өз мақсатына жетті.

      Ғылым күні жарқын және есте қаларлық болды!