Биыл жалпы білім беретін пәндер бойынша мектеп оқушылары арасындағы республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі жаңа форматта өтеді.
Қазақстан Республикасы Оқу – ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес жаратылыстану-математикалық бағыттағы олимпиада Астана (математика, физика), Алматы (информатика, география), Павлодар (химия, биология) қалаларында өткізіледі.
Олимпиаданың қорытынды кезеңі Қазақстанның елордасы Астанадан бастау алады. 2024 жылдың 18-21 наурызы аралығында елордада математика (169 қатысушы) және физика (160 қатысушы) пәндері бойынша 329 жеңімпаз бен жүлдегер жиналады.
Бүгін, 18 наурызда республикалық олимпиаданың бірінші туры дарынды ер балаларға арналған «Білім – инновация» лицей-интернатында (Т. Рысқұлов, 14) математика пәнінен және дарынды қыз балаларға арналған «Білім- инновация» лицей-интернатында (Б. Соқпақбаев, 17 ) физика пәнінен өтеді.
Сонымен қатар олимпиада аясында қатысушылар үшін қызықты мәдени-демалыс бағдарламасы жоспарланған. 18 наурыз күні түскі астан кейін мектеп оқушылары Әскери тарих мұражайына барады. Мұражайда 6 зал, 6000-ға жуық экспонат бар, оның ішінде тарих пен мәдениеттің сирек және құнды ескерткіштері, тас дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі қазақ жауынгерлерінің құрал-жабдықтары, қарулар, тарихи құжаттар мен фотосуреттер, картиналар қойылған. Сондай-ақ қатысушылар тарихи оқиғалар және танымал тұлғалар жайлы құнды мағлұматтар ала алады.