Химия және биология пәндері бойынша 7-8 сынып оқушылары арасындағы республикалық олимпиаданың қорытындысы

Химия және биология пәндері бойынша 7-8 сынып оқушылары арасындағы республикалық олимпиаданың жеңімпаздар мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі 2023 жылдың 28 сәуірінде «Думан» қонақ үйінің мәжіліс залында өтті. Республикамыздың барлық облыстары мен қалаларынан (16) білім додасына 168 оқушы келді: биология пәнінен – 86 оқушы (7-сыныптан – 44, 8– сыныптан – 42);химия пәнінен – 82 оқушы (7-сыныптан – 38, 8– сыныптан – 44) қатысты. Олимпиаданы өткізудің мақсаты – оқушылардың химия мен биология пәндеріне деген қызығушылығын арттыру, жағымды эмоциялар тудыру, дербес қорытындылар шығаруға жетелеу, оқушылардың ой-өрісін оқу бағдарламасынан тыс қосымша біліммен байыту. Жас дарындарымыз аталған екі пән бойынша өз білімдерін теориялық және практикалық кезеңдерде көрсетті. Республикалық олимпиадалық тапсырмалардың мазмұны мен құрылымы ерекше, авторлық сипатта болды. Оқушыларды қолда бар ақпаратты шығармашылықпен өңдеуге және мәселелерді шешуде стандартты емес көзқарастарды қалыптастырып, іздену мен зерттеу дағдыларын дамытуға негізделді. Олимпиаданың практикалық бөлігінің мазмұны сапалы, сандық түсіндіруді қажет ететін нақты ғылыми эксперименттерден тұрды. Аймақтардан келген олимпиадаға қатысушылардың жетекшілері де назардан тыс қалмады. Елордамыздың білікті мамандарының қатысуымен өткізілген «Олимп шыңына апарар жол» тренинг-семинарларына қатысты. Тәжірибелік кезең аяқталғаннан кейін олимпиада қатысушылары Астанадағы ЭКСПО орталығының ерекше ғимараттарының бірі – «Нұр-Әлем» сфералық павильонына барды. Қазылар алқасының шешімімен үздіктердің үздігі анықталды. 85 оқушы жеңімпаздар мен жүлдегерлер (І орын – 8, ІІ орын – 31, ІІІ орын- 46) «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының I, II, III дәрежелі дипломдарымен және Олимпиаданың тұрақты демеушісі – Exxon Mobil компаниясының бағалы сыйлықтарымен марапатталды.