Жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың қалалық кезеңі

Мектеп оқушыларының интеллектуалдық дамуына бағытталған көптеген жұмыс әдістерінің ішінде пәндік олимпиадалар ерекше орын алады. Пәндік олимпиадалардың негізгі мақсаты – жас зиялыларды анықтау және қолдау, түрлі деңгейдегі зияткерлік сайыстарда жоғары сапалы өнер көрсету үшін олимпиадалық резервті қалыптастыру. 2022-2023 оқу жылындағы жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың III (қалалық) кезеңі ағымдағы жылдың 13-18 ақпаны аралығында өтеді. Олимпиада «бір қатысушы – бір компьютер – бір камера» қағидасымен прокторинг жүйесін қолдану арқылы республика бойынша бір мезетте басталады. Қалалық кезеңге олимпиаданың аудандық кезеңінде ең көп ұпай жинаған 1600 – ге жуық 9-11 сынып оқушылары және дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептердің оқушылары қатысады. Олимпиада тапсырмалары «Дарын» РҒП орталығының платформасында әр турдың басында бір уақытта беріледі және әрбір қатысушының оларға жеке кіру коды болады. Тур соңында қатысушылардың жұмысы шифрланады және тексеру үшін қазылар алқасының мүшелеріне жіберіледі. Әр тур аяқталғаннан кейін қатысушылардың жұмыстары «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының сайтында орналастырылады. Олимпиада онлайн режимінде көрсетіледі, бейнебақылаудың барлық сілтемелері «Астана Дарыны» орталығының сайтында және Telegram-каналында қолжетімді болады. Елордалық оқушыларға республикалық олимпиаданың қалалық кезеңінде сәттілік тілейміз! Қосымша ақпаратты 250104 байланыс телефоны арқылы біле аласыздар.