«Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығы «Robotek» робототехника мектебімен бірлесіп 2022 жылдың 14-15 маусым күндері Astana IT University базасында робототехника пәнінің мұғалімдеріне арналған спорттық робототехника бойынша қарқынды оқу-жаттығу жиынын (бұдан әрі – ОЖЖ) өткізеді.
ОЖЖ мақсаты – спорттық робототехника саласындағы дағдыларды жетілдіру: теориялық, практикалық білімдерін және эстафеталық жарыс, саптық жарыс, кегельринг квадро және биатлон категориялары бойынша жаттықтырушының функционалдық құзыреттерін арттыру.
Робототехника – механика және жаңа технологиялар проблемасын жасанды интеллект проблемаларымен ұштастыратын ғылыми –техникалық прогрестің маңызды бағыттарының бірі. Қазіргі уақытта инженерлік робото- техника саласының мамандары өте жоғары сұранысқа ие. Осыған байланысты робототехниканы бастауыш мектептен бастап, одан әрі білім берудің әрбір деңгейінде, оның ішінде жоғары оқу орындарында оқу үдерісіне енгізу – өзекті мәселелердің бірі.
Бала кішкентай кезінен осы салаға қызығушылық танытса, ол өзі үшін көптеген қызықты нәрселерді ашады, ең бастысы, болашақ мамандығына қажет дағдыларын дамытады. Сондықтан спорттық робототехника саласындағы біліктілікті арттыру барған сайын маңызды бола түсуде.
Алған білімдерін қолдану командалардың қалалық және республикалық турнирлердегі көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартады. Оқуды «Robotek» робототехника мектебінің оқытушылары, робототехника бойынша (WRO, FLL, KazRobotics, Roboland) Қазақстан құрамасының жаттықтырушылары жүргізеді.