56-шы Халықаралық Менделеев олимпиадасы


9-16 мамыр аралығында Өзбекстанның Ташкент қаласында 56-шы Халықаралық Менделеев олимпиадасы өтеді.
Қазақстан құрамасынан олимпиадаға 12 оқушы қатысады, команда құрамында Нұр-сұлтан қаласының дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Смет Әлихан бар.
Құрамаға QazChO алқасының мүшелері, химия пәнінен республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары Аманжолов Әзім және Әблеметов Ерболат жетекшілік етеді. Бірнеше турдан тұратын (екі теориялық және бір практикалық) халықаралық Менделеев олимпиадасы Ломоносов атындағы ММУ химия факультетінің ұйымдастырылуымен жыл сайын өткізіліп келеді.
Екінші турда оқушыларға химия пәні бойынша 5 бөлімде 15 тапсырма ұсынылады (әр бөлімге 3 тапсырма), олардың ішінен әр бөлім бойынша тек 1 тапсырма бағаланады. Бұл олимпиада ең күрделі және беделді интеллектуалды олимпиадалардың бірі болып саналады.
Қазақстандық жас химиктер жыл сайын Менделеев олимпиадасында жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. 2021 жылы құрама команда атынан онлайн режимде өткен олимпиадаға 10 оқушы қатысып, 2 күміс және 8 қола медальға ие болды. Ал 2020 жылы олимпиадада 8 қатысушыдан тұратын құрама команда 1 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды.
Оқушыларымызға беделді білім додасында сәттілік тілейміз!