«Автоматтандырылған психодиагностика «Амалтея» бағдарламасы: тәжірибе алмасу» қалалық семинар

Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының 2021 жылғы 15 қыркүйектегі №515 бұйрығы негізінде елорданың барлық мектептерінде «Автоматтандырылған психодиагностика «Амалтея» бағдарламасы тәжірибеге енгізілген.
2022 жылғы 29 сәуір күні «Астана дарыны» ДДжПСО психологиялық қызмет бөлімінің ұйымдастыруымен бағдарлама бойынша жүйелі жұмыс жасап келген Б.Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейінде «Амалтея» автоматтандырылған психодиагностика бағдарламасы: тәжірибе алмасу» тақырыбында жас педагог-психологтерге арналған қалалық семинар өткізілді.
Мақсаты – автоматтандырылған психодиагностикалық бағдарламаны тәжірибеде қолданудың тиімділігін бағалау.

Семинарға «Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығының психологиялық қызмет бөлімінің жетекшісі Г.К Капанова, психологиялық қызмет бөлімінің аға әдіскері А.К. Исабекова, психологиялық қызмет бөлімінің әдіскері Л.Ж. Бодикова қатысты. Семинар мектеп директоры З. Е. Киянованың алғысөзімен ашылды. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.З. Биржанова мен әлеуметтік педагог М.Ғ. Совет психологиялық қызметпен бірлесе атқаратын мобильді топ жұмыстары жөнінде ауқымды ақпарат берді. Әрі қарай фойеде 11 «Д» сыныбы оқушысы Загипарова Даянаның өз ұсынысымен ұйымдастырылған «Қазақстан тарихындағы ұлы әйелдер» атты фото-көрмемен жалғасты. Көрмеде оқушы тарихта із қалдырған ұлы әйелдер туралы деректер келтіріп өзінің жинақтаған фотоларымен таныстырып өтті.
Семинарға қатысушылар «Амалтея» кешенді диагностикалық тестілеуге арнайы жабдықталған кабинетпен және психологтердің жұмыс жасау барысымен танысты. Мектеп психологтері автоматтандырылған психодиагностикалық бағдарламаның тиімділігі мен мектеп оқушыларынан алынған тестілеу қорытындысының мониторингі туралы толық ақпарат беріп, іс –тәжірибесімен кеңінен бөлісті. Семинарға 35 педагог- психолог қатысты. Қатысушылармен «Коммуникативтік дағдыларды дамыту» тренингі өткізіліп, өзін-өзі тексеру мүмкіндігі берілді.
Семинар соңында қатысушылар Google формасы желісінде алған әсерлерімен бөлісті.
Психологтердің жұмысын жандандыруға, дамытуға жағдай жасау арқылы мектепте жағымды психологиялық орта қалыптастырып отырған мектеп басшысы З.Е. Қиянованың еңбегін жоғары бағалады.
Қалалық семинардың мазмұнды өтуіне жағдай жасаған мектеп басшысына және педагогикалық ұжымға алғыс білдіреміз.