2022 жылдың 17 наурызында №26 мектеп-гимназиясы базасында «Мектеп медиациясы: жұмыс тәжірибесі және даму болашағы» тақырыбында Білім басқармасы, Білім беруді жаңғырту орталығы, «Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығы өкілдерінің және Нұр-Сұлтан қаласы мектеп директорларының қатысуымен қалалық семинар өтті.
Қатысушылар алдында №26 мектеп-гимназиясының директоры Қ.Е. Жанғазақова «Мектепте жайлы орта құру туралы» баяндама жасады. Қарлығаш Есімханқызы білім беру процесінің барлық қатысушыларына ұйымдарда туындайтын жанжалды жағдайларды шешуге көмек көрсету, оқушылар, ата-аналар мен педагогтар арасында жанжалсыз қарым-қатынас жасау мақсатында 2017 жылы құрылған мектеп Медиация қызметінің тәжірибесімен бөлісті. Мектеп медиациясы қызметінің құрамына педагогтар, педагог-психолог, әлеуметтік педагог, оқушылар және олардың ата-аналары кіреді.
Семинарға қатысушылар үш клубтың жұмысымен танысты: «Ата-аналар медиаторлары», «Педагог медиаторлары» және «Оқушылар медиаторлары».
Семинарда Алматы аудандық сотының судьясы А.Г. Молдыбаева «Қазіргі қоғамда медиацияны қолдану» тақырыбында және кәсіби медиатор, бизнес-тренер А. М. Сиырбаев «Медиаторларға арналған психологиялық айкидо» тақырыбында сөз сөйледі.
Семинарда білім беру ұйымдарында медиацияны қолданудың артықшылықтары, мектептегі Медиация қызметтерін ұйымдастыру жұмысын жандандыру талқыланды.
Қатысушылар жанжалды жағдайларды шешу бойынша қызықты семинар мен тиімді, практикалық кеңестер үшін алғыстарын білдіріп, қала мектептерінде осындай оқыту курстарын ұйымдастыруға тілек білдірді.
Нұр-Сұлтан қаласының білім беру ұйымдарында мектептегі татуласу қызметін дамыту мақсатында 2019 жылдан бастап «Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығы Психологиялық қызмет бөлімінің ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының докторы (ҚР), әлеуметтану ғылымдарының докторы (РФ), профессор А.Н. Тесленконың «Татуласу мектебі: тең – теңімен» авторлық жобасы іске асырылып жатқанын атап өткен жөн.
«Татуласу мектебі: тең теңімен» бағдарламасы лекциялық-тренингтік режимде құрылады және жанжалсыз коммуникация мен медиация дағдыларын қалыптастырады, жанжалды жағдайларды шешу кезінде оқушылардың психологиялық құзыреттілігін дамытады, жалпы олардың білім деңгейін көтереді.