2021 жылғы 23 желтоқсанда «Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығының психологиялық қызмет бөлімінің ұйымдастыруымен колледж педагог-психологтеріне «Амалтея» психодиагностикалық автоматтандырылған бағдарламасымен жұмыс бойынша тәжірибе алмасу мақсатында оқыту семинары өтті. Семинарға Нұр-Сұлтан қаласы колледждерінен 11 педагог-психолог қатысты.
Семинарда «Жоғары көлік және коммуникация» колледжінің педагог-психологі Э.Бегалиева «Амалтея» бағдарламасымен жұмыс жүргізу, қолдану тәсілдері туралы өз тәжірибесімен бөлісті.
Бірінші курс студенттерінің бейімделуі мен аддикциясын анықтауда қолданатын әдістемелердің ерекшеліктеріне тоқталып, бағдарламаны қолдануды тәжірибеде көрсетті. Жасөспірімдердің аддиктивті мінез-құлыққа бейімділігінің психологиялық факторларын анықтау бойынша «Амалтея» психодиагностикалық бағдарламасының тиімділігі, маңыздылығы катысушылардың қызығушылығын тудырды. Кері байланыста қатысушылар семинардың әдістемелік жағынан пайдалы болғанын және алдағы болатын семинарларға өз ұсыныстарын білдірді.