Жас ұрпақты халық ауыз әдебиетімен сусындату олардың ой ұшқырлығы мен тіл байлығының, сана – сезімінің дамуына көп әсерін тигізеді. Ата-бабаларымыз қалдырған асыл мұралар балалардың өнер-білімге құлшынысын арттырып, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпын құрметтеуге тәрбиелейді.
«Qazaq epos» қоғамдық қорымен «Астана дарыны» ДДжПС орталығы бірлесе отырып, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» және Қазақстан Республикасының президенті Қ.К.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақалаларында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Нұр- Сұлтан қаласы білім беру мекемелерінің 6–10 сынып оқушылары арасында «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының қалалық кезеңі 16 қараша күні әл Фараби атындағы оқушылар сарайында өткізді.
Байқаудың мақсаты: мектеп оқушылары арасында кітап оқуды және қазақ халқының батырлық эпостарын насихаттау, өскелең ұрпақтың зияткерлік қабілетін дамыту, патриотизмге тәрбиелеу, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің беделін көтеру.
Байқаудың талаптары:
– «Ер Едіге» жырын толық жатқа оқу;
– Ұлық Ұлыс (Алтын Орда) мемлекетінің негізгі тарихи оқиғаларына қатысты сұрақтарға жауап беру;
– жырда кездесетін көнерген сөздердің мән- мағынасын түсіндіру;
– қазақ әдебиеті пәнінің оқу бағдарламасы негізінде әзірленген сұрақтарға жауап беру.
11-12 қараша күні өткен Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының аудандық кезеңіне 62 мектептен 101 оқушы қатысты. Аудандық кезеңнің қорытындысы бойынша үздік деп танылған 12 оқушы (№86 МЛ, №38 МЛ, №72 МЛ, №54 МЛ, №16 ОМ, №55 ОМ, №81 мамандандырылған гимназиясы, БИЛ (ер) №77 МГ, №40 МЛ (2) және №7 МГ оқушылары) қалалық кезеңде өнер көрсетті.
Қалалық кезеңде жүлдегер атанған оқушылар:
І орын – №54 мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы Марат Гүлназым;
ІІ орын – №86 мектеп-гимназиясының 7 сынып оқушысы Шырынбай Кәусәр,
№81 «Astana English» мектебінің 7- сынып оқушысы Әбдірашева Ақгүл;
ІІІ орын – №55 ОМ 7- сынып оқушысы Серікбаева Майра, №40 МЛ, 8- сынып оқушысы Төлеубаева Айым.
Елордада бірнеше күнге созылған дүбірлі додада бабы мен бағы оза шапқан Марат Гүлназым «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының республикалық кезеңінде Нұр-Сұлтан қаласының намысын қорғайтын болады.
Жеңімпазымызға сәттілік тілейміз және барша жүлдегерлерді құттықтаймыз!