«Qazaq Epos» қоғамдық қорының республикалық ағарту жобасы:«Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы қалалық кезеңінің қорытындысы

Жас ұрпақты халық ауыз әдебиетімен сусындату олардың ой ұшқырлығы мен тіл байлығының, сана – сезімінің  дамуына көп әсерін тигізеді. Ата-бабаларымыз қалдырған асыл мұралар балалардың өнер-білімге құлшынысын арттырып, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпын құрметтеуге тәрбиелейді.

«Qazaq epos» қоғамдық қорымен «Астана дарыны» ДДжПС орталығы бірлесе отырып, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» және Қазақстан Республикасының президенті Қ.К.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақалаларында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Нұр- Сұлтан қаласы білім беру мекемелерінің 6–10 сынып оқушылары арасында «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының қалалық кезеңі 16 қараша күні әл Фараби атындағы оқушылар сарайында өткізді.

Байқаудың мақсаты: мектеп оқушылары арасында кітап оқуды және қазақ халқының батырлық эпостарын насихаттау, өскелең ұрпақтың зияткерлік қабілетін дамыту, патриотизмге тәрбиелеу, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің беделін көтеру.

Байқаудың талаптары:

– «Ер Едіге» жырын толық жатқа оқу;

– Ұлық Ұлыс (Алтын Орда) мемлекетінің негізгі тарихи оқиғаларына қатысты сұрақтарға жауап беру;

–  жырда кездесетін көнерген сөздердің мән- мағынасын түсіндіру;

– қазақ әдебиеті пәнінің оқу бағдарламасы негізінде әзірленген сұрақтарға жауап беру.

11-12 қараша күні өткен Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының аудандық кезеңіне 62 мектептен 101 оқушы қатысты. Аудандық кезеңнің қорытындысы бойынша үздік деп танылған 12 оқушы (№86 МЛ, №38 МЛ, №72 МЛ,  №54 МЛ, №16 ОМ, №55 ОМ, №81 мамандандырылған гимназиясы,    БИЛ (ер)  №77 МГ,  №40 МЛ (2) және №7 МГ оқушылары) қалалық кезеңде өнер көрсетті.

Қалалық кезеңде жүлдегер атанған оқушылар:

І орын – №54 мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы Марат Гүлназым;

ІІ орын – №86 мектеп-гимназиясының 7 сынып оқушысы Шырынбай Кәусәр,

№81 «Astana English» мектебінің 7- сынып оқушысы Әбдірашева Ақгүл;

ІІІ орын –  №55 ОМ 7- сынып оқушысы Серікбаева Майра, №40 МЛ, 8- сынып оқушысы Төлеубаева Айым.

Елордада бірнеше күнге созылған дүбірлі додада бабы мен бағы оза шапқан Марат Гүлназым «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының республикалық кезеңінде Нұр-Сұлтан қаласының намысын қорғайтын болады.

Жеңімпазымызға сәттілік тілейміз және барша жүлдегерлерді құттықтаймыз!

https://youtube.com/shorts/PezOuUWqQA8?feature=share