БАЛҚАН ОЛИМПИАДАСЫНАН- ҚҰРМЕТ ГРАМОТАСЫ

2021 жылдың 6-10 қыркүйек аралығында Қазақстан ұлттық құрамасы математика пәнінен ХХХVIII Халықаралық Балқан олимпиадасына қашықтықтан қатысты.

Биылғы жылғы ұйымдастырушылар Кипр Республикасының математика кеңесі болды. Олимпиада 1984 жылдан бері өткізіліп келеді, ал қазақстандық оқушылар 2004 жылдан бері қатысуда.

Осы жылы Балқан аймағындағы Албания, Босния және Герцеговина, Болгария, Кипр, Греция, Молдова, Черногория, Солтүстік Македония, Румыния, Сербия және Түркия сияқты 18 мемлекеттен 100 аса оқушы бақ сынасты. Сондай-ақ, атаулы олимпиадаға Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Италия, Ұлыбритания елдері қонақ ретінде қатысты.

Бұл білім додасында Қазақстан құрамасы атынан 6 оқушы бой көрсетіп, нәтижесінде 1 күміс, 4 қола және 1 құрмет грамотасын ел қоржынына салды.

Құрама сапында болған елордамыздың «Spectrum»  халықаралық мектебінің 12 сынып оқушысы Сам Фетуллах құрмет грамотасына ие болды.

Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 130 ұпаймен 18 елдің ішінде 6 орыннан көрінді.  Ұлттық құраманы және жетекшілерін қол жеткізген жетістіктерімен құттықтаймыз!