Елорда әкімінің дарынды балалармен кездесуі

1 маусым Балаларды қорғау күні мерекесі аясында қалалық Білім басқармасы мен «Астана дарыны» ДДжПС орталығының ұйымдастыруымен Нұр – Сұлтан қаласы әкімінің дарынды балалармен кездесуі өтті. Аталған іс-шараның басты мақсаты– 2020-2021 оқу жылын қорытындылау және әртүрлі деңгейдегі интеллектуалдық олимпиадаларда жоғары жетістіктер көрсеткен дарынды балаларды марапаттау. Кездесуге халықаралық және республикалық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері болған 83 оқушы қатысты. Елордалық команда жыл сайын жалпыкомандалық бірінші орын алып, «Ең үздік команда» атанады. Астана оқушыларының қоржынында 431 халықаралық, 865 республикалық, 2483 қалалық деңгейдегі – барлығы 3779 медаль бар. Кездесу жас дарындарды алғыс хаттар және ақшалай сертификаттармен салтанатты марапаттау рәсімімен басталды. Қала әкімі Алтай Сейдірұлы оқушыларды мерекемен құттықтап, олардың жетістіктерін ерекше атап өтіп, жеңістер мен табыстар тіледі. Сонымен қатар ата – ана қамқорлығы мен қолдауының маңыздылығына тоқталып, Алғыс хаттармен марапаттады. Іс – шараны қорытындылай келе, Алтай Сейдірұлы бүгінгі дарынды балалармен кездесудің ол үшін өте маңызды және мақтаныш екенін айтып, оларға сәттілік тіледі: « Қазір адамзат ғасырдың дамуын жеделдеткен ерекше кезеңнің ең тиімдісі – адамның ақыл – ойы, оның интеллектуалды дамуы» деп баса айтты.

Фотобейне: https://drive.google.com/drive/folders/1uisSnrHR13pXlRMfzoVZOzXoR_q5UUSn