Білім беру мекемелерінің психологтарына арналған «Үздік жыл психологы» республикалық конкурсын ұйымдастыру және өткізу ережесі
1.Жалпы ережелер
1. Конкурс психологтардың кәсіптік деңгейін көтеру, шығармашылық әлеуетін іске асыру, психологиялық практикалық білім алу қызметін дамыту, отандық білім берудің бәсекелістігін, тиімділігін, гуманистік бағытын арттыруға ықпал ететін психологиялық білім алуды білім беру қызметінің құрамдас бөлігі ретінде насихаттауға бағытталған.
2. Конкурстың басты шарты білім беру ұйымдары психологтарының шығармашылық іс-әрекетінің нәтижелері мен психологиялық-педагогикалық идеялар, жобалары, іс-тәжірибелерімен алмасу.
3. Осы Ереже Қазақстан Республикасының «Білім туралы заңына», Қазақстан Республикасының 2020-2025 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасына сәйкес әзірленді.
2. Конкурстың мақсаты және міндеттері
4. Конкурстың басты мақсаты – талантты, шығармашылықпен жұмыс істейтін, кәсіптік біліктілігін көрсете алатын психологтарды анықтау, қолдау және мадақтау (ынталандыру).
5.Конкурстың басты міндеттері:
1)психологтардың инновациялық тәжірибесі жайлы банкті жинақтау;
2)үздік тәжірибелі психологтарды анықтау және жаңа буын әдістемелік материалдар коллекциясын қалыптастыру;
3)психологтардың кәсіптік қарым-қатынасына ықпал ету және шығармашылық жаңалықтармен, идеялар мен тәжірибемен алмасуын ұйымдастыру;
4)қатысушылардың кәсіптік шеберлігінің өсуіне ықпал ету, кәсіптік психологиялық білімнің маңыздылығын арттыру және психология ғылымының мәртебесін көтеру;
5)психологтардың шығармашылық белсенділігін, креативтік көзқарасын, тиімді әдістерін анықтау және ынталандыру.
3. Конкурсқа қатысушылар және оның құрылымы
6. Конкурсқа психологиялық өтілі 3 жылдан кем емес, соңғы 3 жылда осы іс-шараға қатыспаған, жалпы білім беретін мектептердің, мамандандырылған білім беру ұйымдарының, республикалық мектептердің, «НЗМ» ДББҰ, балабақшалардың, қосымша білім беру ұйымдарының, оқу-әдістемелік орталықтардың 3 жылға дейін еңбек өтілі бар, 3 – 7 жыл еңбек өтілі бар, 7 жылдан астам еңбек өтілі бар психологтары қатысы алады.
1) I саты – 3 жылға дейін еңбек өтілі бар психологтар.
Конкурстық тапсырманы орындау барысында психологтар жан-жақты кәсіптік деңгейін, жалпымәдениетін және интеллектуалдық дамуын, көпшілік қауым алдында сөз сөйлеу мәдениетін көрсетеді.
2) II саты -3 – 7 жыл еңбек өтілі бар психологтар.
Кәсіптік шеберлікті (ата-аналар, педагогтар, балалар мен жұмыс істеу қабілеті) көрсету, білім алу процесіндегі проблемалық жағдаяттарды шешу, психологиядан теориялық білімін, жалпы жанжақтылығы және мәдениетін көрсетуге бағытталған тапсырмалар қарастырылған.
3) III саты – 7 жылдан астам еңбек өтілі бар психологтар.
Бұл сатыға қатысушылар кәсіби шеберлігінің практикалық деңгейін, білім беру мазмұнын игеру, әдістемелік дайындығын, өз іс-әрекетін жобалау, инновациялық технологияларды меңгеру деңгейін көрсетеді.
7. Конкурстың қорытынды кезеңіне аймақтық кезеңінен өткен психологтар қатысады.
4. Конкурстың мазмұны және кезеңдері
8. Коронавирустың таратылуына байланысты Конкурсты өткізу Ережелеріне өзгерістер енгізілді. Осы жылы Конкурстың қорытынды кезеңі психологтардың әр сатысы бойынша бір кезеңмен өткізіледі.
9. Конкурстың қорытынды кезеңіне 4 минуттан аспайтын бейне баяндама жіберіледі (FullHD бейне сапасы 1920*1080, бейне қатынасы 16: 9) конкурстың әрбір сатысы үшін.
10. Конкурс мазмұнында психологтің білім беру процесінде кәсіби шеберлігін, психологиялық-педагогикалық қызмет саласында өзін-өзі таныта білу қабілетін көрсетуге, білім беру процесінде психологиялық міндеттерді жобалау және шешуге мүмкіндігін беретін тапсырмалар, психолог мамандығы туралы, өзінің кәсіптік көзқарасы туралы эссе жазу қарастырылған.
1) I кезең – аймақтық, облыстық Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармалары, республикалық білім беру ұйымдары, автономды білім беру ұйымдары «Назарбаев зияткерлік мектептері», аймақтық «Дарын» орталықтары өткізеді.
2) II кезең – қорытынды, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы өткізеді.
11.Конкурстың қорытынды кезеңіне, аймақтық кезеңінің жеңімпаздары қатысады.
12. Конкурсқа тек қана тәжірибеде қолданыста жүрген, апробациядан өткен нақты тәжірибелік қорытындысы бар жұмыстар ғана ұсынылады.
5. Конкурстың номинациялары
1) «Креативті психолог»;
2) «Үздік авторлық бағдарлама»;
3) «Кәсіби шеберлік»;
4) «Үздік портфолио»;
5) «Психолог-зерттеуші»;
6) «Жас психолог».
6. Конкурсты ұйымдастыру
13.Конкурсты дайындау және өткізу жөніндегі республикалық ұйымдастыру комитеті құрылады. Қазылар алқасының құрамын ұйымдастыру комитеті бекітеді.
14.Ұйымдастыру комитеті Конкурстың қорытынды кезеңін дайындап өткізу, бағдарламасын дайындау, қатысушылардың тізімін жасауға басшылық етеді, қазылар алқасының құрамын тағайындайды, конкурстың қорытындысын шығарып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттайды.
7. Конкурстың қорытындысын шығару
15.Конкурстың қорытындысы бойынша әділ-қазылар алқасы қатысушылардың еңбек өтілі бойынша конкурстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтайды.
16. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ҚР Білім және ғылым министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының I, II, III дипломдарымен, грамоталарымен марапатталады.
17.Үздік жұмыстар www.daryn.kz «Дарын» сайтына жарияланады.
Қосымша
1. 3 жылға дейін еңбек өтілі бар психологтарға арналған тапсырмалар
1) Өзі таңдап алынған авторлық бағдарламаның тұсаукесері
Бағалау өлшемдері:
1) тақырыптың өзектілігі;
2) таңдап алынған тақырыптың мазмұндылығы;
3) кәсіби жан-жақтылығы;
4) шығармашылық қабілеті, креативтілігі
2. 3-7 жыл еңбек өтілі бар психологтарға арналған тапсырмалар
1) Психологиядан элективті курс бағдарламасы немесе түзету – дамыту авторлық бағдарламасының тұсаукесері (видеоролик)
Бағалау өлшемдері:
а) бағдарламаның өзектілігі;
б) тапсырмалардың бағдарлама мақсатына сәйкестігі;
в) жаттығулар мен тапсырмалар кешенін таңдауда ғылыми негізі;
г) бағдарламаның тиімділігі.
3. 7 жылдан астам еңбек өтілі бар психологтарға арналған тапсырмалар
1. Тәжірибелік іс-шара (дамыту-түзету тапсырмалары, шебер-класс, психологиялық тренинг) білім алу процесінің кез-келген қатысушыларымен (оқушылар, педагогтар, педагог-психологтар). Іс-шараны әр қатысушы өз мектебінің өкілдерімен өткізеді (бейнетаспаға жазып), немесе конкурс қатысушыларымен өткізеді.
Бағалау өлшемдері:
а) педагогтың жалпы мәдениеті;
б) тиімді психологиялық жағдай туғызу;
в) психологтың пәндік-кәсіптік құзыреттілігі.