«Біз – бақытты отбасымыз» атты қалалық бейнероликтер байқауының жеңімпаздары

«Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығының ұйымдастыруымен Халықаралық Отбасы күніне орай «Біз – бақытты отбасымыз» атты қалалық бейнероликтер байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған байқауға оқушылар мен олардың ата-аналары қатысты.

Конкурсқа Нұр-Сұлтан қаласының мектепке дейінгі мекемелерінен 16, мектептерден 71, колледждерден 13, барлығы 90 отбасы қатысты.

«Бүкіл әлемді жайлаған пандемия кезеңінің алғашқы кездері бәрімізге ауыр болғаны рас. Біз сол қиын-қыстау кезде ата-аналармен жұмыс жүргізіп, онлайн түрде семинарлар өткізіп тұрдық. Былтырдан бері түрлі отбасылармен жұмыс істеп, қашықтан байланыс жасау арқылы осы сайысты қолға алған болатынбыз. Ол кезде 17 отбасы қатысты. Бұл бастамамыз өте жақсы қолдау тауып, биыл сайысқа 90 отбасы қатысуда. Сол 90 отбасының ішінен оза шапқанын анықтап, барлық критерий бойынша сараптаған кезде 32 үздік бейнероликті таңдап алдық. Олардың ішіндегі 10 отбасын бүгінгі марапаттау рәсіміне шақырдық. Отан — отбасынан басталады. Биыл – Тәуелсіздігімізге 30 жыл. Мемлекетіміз мықты болып, өркендеп дамуына әрбір отбасының үлесі бар деп ойлаймын. Себебі отбасы — шағын мемлекет. Әрбір отбасы бақытты болуға лайықты», — деді «Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығы директорының орынбасары Гүлбақыт Буралкиева.

Қатысушылар берілген уақыт ішінде отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді, отбасы ынтымақтастығын, мәдениетті қарым-қатынасты көрсете білген. Қазылар алқасы қатысушылардың бейнероликтерін бағалау критерийлері арқылы іріктеп, конкурстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін «Дәстүр ұйытқысы отбасы», «Әншілер отбасы», «Еңбекқор отбасы», «Спортшы отбасы», «Өнерлі отбасы», «Креативті отбасы», «Мерейлі отбасы» секілді түрлі номинацилар бойынша анықтады.

«Біз – бақытты отбасымыз» қалалық бейнероликтер байқауының бас жүлдесіне Әміржановтар отбасы ие болды.