«RoboZerde-2025» I халықаралық робототехника фестивалі

2025 жылдың 06 мамыры күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Бас ғимаратында (Сәтпаев көшесі, 2) Әлихан Мақсұт атындағы «RoboZerde-2025» I халықаралық робототехника фестивалі өтеді.
Еліміздің жиырма аймағынан (17 облыс, 3 қала) және Қырғыз Республикасынан, Өзбекстан Республикасынан шақырылған екі жүзден аса 10-18 жастағы мектеп оқушылары келесі 6 санат бойынша катысады:

  1. Micro –FPV 12-18 жас ;
  2. Дрон футболы 12-18 жас ;
  3. Басқару симуляторы 10-18 жас;
  4. Мерген 14-18 жас;
  5. «Инверсті сызық бойымен жарыс» 9-13 жас;
  6. Шығармашылық санат «My Extra Case Competition» 13-18 жас.
    RoboZerde-2025 – бұл жас өнертапқыштар мен болашақ инженерлерге арналған халықаралық деңгейдегі инновациялық алаң. Фестиваль оқушылардың робототехника, инженерия, жасанды интеллект және STEM-технологиялар саласындағы жетістіктерін көрсетуге мүмкіндік береді.
    Фестивальдің мақсаты: өмірден ерте озған дарынды оқушы, физика, робототехника салалары бойынша республикалық, халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалардың бірнеше дүркін жеңімпазы, жас ақын Әлихан Серікзатұлы Мақсұттың ғибратты ғұмырын мектеп оқушыларына үлгі ете отырып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауларында айтылған елімізге қажетті болашақ техник мамандарды дайындауға қолдау көрсету, оқушылардың жасаған инновациялық жобаларын, өнертабыстарын БАҚ және әлеуметтік желі арқылы халыққа кеңінен насихаттау.
    Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, «Әлихан Мақсұт атындағы дарынды балаларды қолдау қоры», Астана қаласы Білім басқармасы, «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы, №9 «Зерде» мамандандырылған лицей, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Astana IT University, Астана қаласының «Роботек» білім беру робототехника мектебі, «KAZ ROCKETS» қоғамдық коры, «My Extra Lab» ЖШС бірлесіп ұйымдастырып отыр.
    Жарыстың ашылу салтанаты ЕҰУ Бас ғимаратының мәжіліс залында 10.00-де басталады. Салтанатты жиынның алдында белгілі кинорежиссер Мұрат Есжан түсірген «Әлиханның арманы» деректі фильмінің көрсетілімі болады.
    Фестивальдің барлық бағыттары «University Sports Centre» спорттық-сауықтыру кешенінде өтеді. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар, марапаттар қарастырылған.