Олимпиада жеңімпаздарының құпиясы

«Олимпиада жеңімпаздарының құпиясы» айдарының бүгінгі кейіпкері – Марғұлан Шарел. Ол Астана қаласындағы Spectrum International School-дың 12-сынып оқушысы. Марғұлан – математикадан республикалық және халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жүлдегері.

🇦🇺 Биыл ол Австралияда өткен беделді IMO халықаралық олимпиадасында күміс медаль жеңіп алды. Ауқымды сайыста 112 елден 650-ге жуық талантты оқушы бақ сынаған болатын. Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 17-орынға ие болып, төрт күміс және екі қола медальмен елге оралды.

Марғұланның үздік жетістіктері елеусіз қалмады. Тамыз айында ол мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен Ақордада кездесті. Президент жеті беделді халықаралық сайыста оза шапқан 27 жүйрікті арнайы шақырып қабылдады. Күміс медалі үшін Марғұлан 3 932 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақыға ие болды.

Сонымен қатар, жас дарын Хабар арнасының «Жақсы адамдарым» жобасында марапатталып, 1 млн теңге көлемінде сыйақы алды. Марғұлан бұл қаражатты бұрынғы білім ордасы Жамбыл облыстық Білім-инновация лицейінің оқушыларына кітаптар сатып алуға жұмсап, олардың сайыстарға дайындалуына қолдау көрсетті.

«Ұлттық құраманың мүшесі ретінде тоқмейілсуге болмайды. Алда үлкен мақсаттар бар, соларға жету үшін күн сайын еңбек ету қажет», – дейді ол.

Дарынды оқушы өз қатарластарына да кеңес берді: «Мен үшін математика – жай пән емес. Әр есеп жаңа әлемнің есігін ашатын мүмкіндік секілді. Сондықтан барша жасқа өз бағытын ертерек анықтап, сол жолда табандылықпен еңбектенуді тілеймін», – деп түйіндеді жас математик.

Марғұланға ғылым жолындағы сапарында сәттілік пен жаңа жеңістер тілейміз!

https://www.instagram.com/reel/DR4e7pPDKta/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=MzRlODBiNWFlZA==