Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастырумен 2024 жылы 21-22 қазан аралығында жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында өткен Жамбыл Жабаевқа арналған «Жыр алыбы – Жамбыл» атты республикалық жас ақындар айтысына Астана қаласынан2 оқушы қатысып, екеуі де жеңіс тұғырынан көрінді.
«Жыр алыбы – Жамбыл» атты республикалық жас ақындар айтысы екі номинация бойынша өтті: Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығын, жалпы елдегі хал-ахуалды жырлау, бір – біріне мәнді де мағыналы жауап қайтару сияқты шарттардан тұратын тақырыптық айтыс және айтысты бастаған қарсыластың айтқан өлеңінің ұйқасын бұзбай, алғашқы екі жолын мағыналық тұрғыда ғана сәл өзгертіп немесе сол қалпында сақтап соңғы екі жолында жауап қайтару шартынан тұратын қайым айтыс.
Оқушылардың суырып салмалық қабілеттерін ашу, тума таланты мен табиғи дарындарын анықтау мақсатында Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылында өткен республикалық шараға елміздің түкпір-түкпірінен 40 үміткер қатысты.
Жыр додасында бақ сынаған Астана қаласындағыӘлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейінің 11 – сынып оқушысы Қайратұлы Абылай қайым айтыста I орынды иеленсе, Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының 10 – сынып оқушысы Махсұтқанова Айғаным тақырыптық айтыста III орынды жеңіп алды. Жүлдегерлерді жеңістерімен құттықтаймыз!