Елордалық жас зияткерлер информатикадан Еуразиялық олимпиадада өздерінің тамаша жетістіктерімен тағы да қуантты!
Оқушылар арасында информатика бойынша Еуразиялық олимпиаданың қорытынды туры 2023 жылы 11-12 желтоқсан күндері Алматы қаласындағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің базасында өтті.
Ұйымдастырушылар - "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығы және Санкт-Петербург Ақпараттық технологиялар, механика және оптика ұлттық зерттеу университеті. Қиын да күрделі олимпиададағы елорда зияткерлерінің жеңісі өте маңызды және мәртебе!
Аталған олимпиаданың мақсаты-оқушылардың ақпараттық құзыреттілігін қалыптастыру, оқушылардың ақпараттық мәдениетін дамыту және есептеу ғылымдары, компьютерлік модельдеу және ақпараттық технологиялар саласындағы ең дарынды жастарды анықтау.
Астана қаласының 4 командасы: жасөспірімдерге арналған БИЛ және "NURORDA" мектеп - лицейі оқушылары жоғары білім деңгейін көрсетті!
3 күміс және 1 қола медаль – дарынды информатиктердің 100% еңбегінің жемісі!
Оқушылардың жеңісі - оларға бағыт - бағдар берген ұстаздарының да жеңісі! Мұғалімдер мен оқушылардың бірлескен еңбегінің арқасында біздің жас дарындар жыл сайын түрлі деңгейдегі зияткерлік олимпиадаларда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.
"Астана дарыны" орталығы Олимпиада жүлдегерлерін қол жеткізген жетістіктерімен құттықтайды және сәттілік, зор денсаулық, шығармашылық табыс және жаңа білім шыңдарын бағындыруды тілейді!