ҚАЗАҚСТАНДЫҚ  ОҚУШЫЛАРДЫҢ  КЕЗЕКТІ  ЖЕҢІСІ

Бұрын соңды болмаған Жеңіс – бірден үш қазақстандық команда Орталық Америкадағы Панама астанасында Жеңіс тұғырына көтерілді.  Бұл қазақстандық оқушылардың World Robot Olympiad робототехника бойынша дүниежүзілік олимпиададаға қатысу  тарихында болмаған жетістік!

 Қазақстандық оқушылардың, оның ішінде елордалық зияткерлердің  жетістіктері мен жеңісі  біз үшін  үйреншікті болып келеді әрі олар жыл сайын биік белестерді бағындыруда!

World Robot Olympiad (WRO) — халықаралық Роботтар сайысы немесе Дүниежүзілік роботтар олимпиадасы – бұл 10-19 жас аралығындағы 6-11 сынып оқушыларына арналған жарыс.

Чемпионаттың мақсаты – роботтарды жобалау, бағдарламалау, инженерлік ғылымдар және басқа да инновациялық білім беру технологиялары саласындағы дарынды оқушыларды анықтау және қолдау.

Роботтардың сайыс-фестивалі ең алғаш 2004 жылы Сингапурда өткен болатын. Содан бері  жыл сайын сайыстың географиясы кеңейіп, қатысушылар саны артуда.

Қазақстан аталған олимпиадаға 2014 жылдан бері қатысып келеді.

2023 жылдың 7-9 қараша аралығында Панамада робототехника бойынша «World Robot Olympiad 2023» Халықаралық чемпионаты өтіп, оған 80-нен астам мемлекеттің ең табысты және өршіл робототехника командалары қатысты.

Биылғы жылы чемпионат регламентіне жарыстың жаңа санаттары енгізіліп,  қатысу шарттары өзгерді,  қатысушылар үшін тапсырмалар саны едәуір артты.

WRO 2023 жаңа регламенті – бұл жаңа ережелер ғана емес, сонымен қатар жаңа мүмкіндіктер. World Robot Olympiad әлемдік финалының қарбалас үш күнінде қазақстандық робототехниктер креативті инженерлік шешімдер мен жоғары мотивация көрсетті.

Осындай қатаң сыннан сұрінбей өткен біздің жас робототехниктер жүлдегер атанды.

Олимпиада жүлдегерлері Астана қаласының екі бірдей командасы – «РОБОТЕК» робототехника мектебінің өкілдері: бірінші команда, «Future Engineers» санатында Ансар Саурбаев (Quantum stem мектебі,  10 сынып)  және  Амир Карабаев (НЗМ Астана, 10 сынып)  күміс жүлдені иеленсе,  екінші команда, «Robo Mission» санатында  Вагиз Дисембаев (Орталық экономикалық мектебі, 8-сынып) пен Жанарыс Капаров (НЗМ Астана, 9-сынып) Қазақстанның медаль қоржынын қола медальмен толықтырды.

Жас робототехниктерді, сондай-ақ олардың жаттықтырушылары мен ата-аналарын құттықтаймыз!

Зияткерлік шыңының бұдан да жоғары белестерін бағындыруларына тілектеспіз!