«Ел жүрегі – Елорда» шығармалар байқауы

Шығармашылық байқау «Елорда Ақпарат» медиасеріктестігінің «Мектеп және Медиасауаттылық» жобасы аясында өтті. Елордалық білім беру мекемелерінің 7-11 сынып оқушылары арасында өткен қалалық байқау алдағы Республика күні ұлық мерекесі мен Астананың 25 жылдық мерейтойына орай Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы және қалалық Білім басқармасымен бірлесе жүзеге асты. Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында өткен марапаттау салтанатын ашқан «Елорда Ақпарат» медиасеріктестігінің директоры Олжас Сыдықбек байқаудың мақсатын жан – жақты баяндап, оның маңыздылығын ерекше атап өтті. Марапаттау рәсімінеАстана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов, қалалық Білім басқармасы Жалпы орта білім берудің мазмұны мен әдістеме бөлімінің басшысы Асыл Амангелдиева , «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының директоры Жанар Бейсенбаева, Астана қаласы мәслихатының депутаты, Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының директоры Ерлан Дәкенов пен жүзден жүйрік шыққан оқушылар, мектеп мұғалімдері және ата-аналар қатысты. Жалпы, жазуға жаны құштар балалардың еңбектерін бағалау мақсатында өткізілген қалалық байқауға бас-аяғы 200-ден астам шығарма түсіп, 10 оқушының шығармасы жүлдегер қатарына енді. Айтулы жобаға Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры Бас демеушілік етіп, жеңімпаздарды бағалы сыйлықтармен марапаттады. «Ел жүрегі – Елорда» шығармалар байқауының Бас жүлдесі, Бурабайдағы «Балдәурен» демалыс лагеріне жолдама Қаныш Сәтбаев атындағы Binom School мектебінің 8-сынып оқушысы Кәусар Шалқарға табысталды.