Осындай тақырыппен «Дарын» республикалық ғылыми – практикалық орталығының ұйымдастыруымен 26 маусымда Астана қаласында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ХХ Халықаралық олимпиада басталды. Шет елдердегі қазақ диаспорасы балаларына арналған дәстүрлі шара 20-шы рет өткізіліп отыр. Биылғы Халықаралық олимпиадаға Өзбекстан Республикасының Заравшан, Тамды, Бостандық аудандарынан, Ресей Федерациясының Алтай өлкесі, Самара және Омбы облыстарынан, Қырғызстан, Беларусь Республикаларынан, Моңғолия мен Ираннан 80-ге жуық оқушы қатысуда. Мектеп оқушыларының олимпиадасы – бұл әр бала үшін өз қабілеттерін, дайындық деңгейін және білімін көрсетудің тамаша мүмкіндігі. Сонымен бірге, бұл қатысушынің күйзелісі. Күйзелістен туындаған мазасыз көңіл-күй олимпиада нәтижесіне теріс әсер етуі мүмкін. Бұл ретте олимпиадаға қатысушылардың көңіл-күйінің оң болуы мен психологиялық дайындығы өте маңызды. Позитивті эмоционалды көңіл-күй қалыптастыру және мазасыздық деңгейін төмендету мақсатында «Астана дарыны» орталығының «Qabilet» кәсіптік бағдар беру қызметі бөлімінің педагог-психологтары Бексұлтан Сейдімхан, Гульзат Аубакирова, мектеп психологтары Нуриманова Аяулым (№ 66 мектеп) және Аршагуль Хуат (№67 мектеп) балалармен «Танысу» тақырыбында бірнеше тренингтер өткізіп, «Молекулалар мен атомдар», «Ең мықты постер» және «Шаңырақ» жаттығуларын жасатты. Психологтар мейірімділіктің, сенім мен өзара қамқорлықтың жылы-шырай атмосферасын қалыптастырып, балаларға жағымды эмоция сыйлады. Олимпиадаға қатысушылардың көпшілігі тарихи Отанына алғаш рет келіп тұрғандықтан оларға жағымды атмосфера қалыптастырып, ортаға бейімдеу өте маңызды. Өткізілген тренингтердің барлығы қатысушыларға үлкен әсер қалдырды. Әсіресе «Шаңырақ» тренингі. Қазақтар үшін «Шаңырақ» отбасы жылуының, мемлекеттің символы. Шаңырақ – Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстар мекендеген ортақ үйіміздің бейнесі. Бексұлтан мен Гүлзат ұйымдастырған тренингтердің нәтижесінде балалар өздерін еркін сезініп, бір-бірімен жақынырақ танысты. «Тренингтер пайдалы әрі қызықты болды», деп атап өтті қатысушылар.