Қоғамның дарынды балаларға деген қызығушылығының жыл сайын артуына байланысты бүгінгі таңда олармен жұмыс істеудегі негізгі мәселелерді қарастыру қажеттігі туындап отыр. Бүгін, 2023 жылғы 15 маусымда Астана қаласында басталған психологтардың І Халықаралық форумы дарынды балалрмен жұмыс істеудің негізгі аспектілерін айқындауға арналды. Екі күнге, 15-16 маусымға жоспарланған Форум жұмысына елорданың білім басқармасының өкілдері, «Астана дарыны» дарынды балалар мен дарынды жастарды анықтау және қолдау орталығының басшылары мен қызметкерлері қатысуда. Форумның мақсаты – балалардың және жастардың қабілеттері мен дарындылығын диагностикалау және дамыту саласындағы зерттеулер мен инновациялық тәсілдерді жетілдірудің заманауи үрдістерін талдау. Дарынды балалармен жұмыс – күрделі әрі ешқашан тоқтамайтын процесс. Ол үнемі балалар психологиясы саласында шеберлікті шыңдауды, педагогикалық икемділікті, терең әрі үнемі жаңартылып отыратын білімді, сонымен қатар психологтар мен педагогтар сияқты дарынды балалар ата-аналарының тығыз ынтымақтаса жұмыс істеуін талап етеді. Бүгін жұмысын бастаған психологтардың І Халықаралық форумында осы және басқа да мәселер тыңдаушылар назарына ұсынылады.