«Қазақ хандығы» қалалық турнирі

2023 жылдың 26 мамырында «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы «Қазақ хандығы» қалалық турнирін өткізді. Турнир Ілияс Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназиясымен бірлесе отырып 8-10 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылды. Турнирдің ашылу салтанатында «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының директоры Бейсенбаева Жанар Мәулетхановна мен №58 мектеп-гимназиясының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Нугуманова Самал Ботаханқызы қатысушыларды құттықтады. Оқушылардың тарихи білімділігін, логикалық ойлау қабілетін арттыру мақсатында өткен турнирге 49 ойыншы қатысты. Ойынның мақсаты – руларды, жүздерді біріктіру арқылы бірлікке қол жеткізуге болатынын көрсету.Сайыс 13 топқа бөлінген оқушылар арасында жүрді. 1 айналымнан өткен әр топтың жеңімпазы жартылай финалға жолдама алса, 4 қатысушы финалдық шайқасқа қатысты. Финалда ойыншылар «хан» болуға таласты: мейлінше көбірек рулардың басын біріктіріп, жеке билігін айқындайтын белгі ретінде өзінің «киіз үйін» құрды. Ал басқа ойыншылар оған кедергі жасап, оның қол астындағыларды өзіне тартуға тырысты. «Батыр», «тұлпар», «сарбаз», «жігіт» деп аталатын карталарды пайдалану арқылы шабуылдап немесе қорғанды. Сонымен қатар белгілі бір оқиғаны көрсететін «жұт», «той», «барымта», «тойбастар», «көрімдік», «алмас қылыш», «темір сауыт» секілді көптеген карталарды ойын барысында қолданды.Турнир қорытындысы бойынша қатысушылар келесі атақтарға ие болып, жеңіске жетті:«Хан» – Шымырбек Нұрайым, Әлихан Бөкейхан ат. Binom School МЛ;«Сұлтан» – Манат Қайсар, №69 МГ;«Сұлтан» – Әсілхан Нығметхан, №58 МГ;«Сұлтан» – Қайрат Асатулла,№56 МЛ.Турнир жеңімпаздары «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы дипломдары және грамоталарымен марапатталады. Турнирге қатысқан барлық оқушыларға сертификаттар беріледі. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтаймыз!