Республикалық «Алтын сақа» олимпиадасының марапаттау рәсімі

2023 жылдың 22 мамырында ҚР Оқу – ағарту министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен «Зерделі» ақыл-ой дамыту мектебі өткізген математикадан 5-6 сынып оқушыларының «Алтын сақа» республикалық олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі онлайн форматта Teams платформасында және zerdeli.kz ютуб каналында ұйымдастырылды. Марапаттау салтанатына олимпиадаға қатысқан оқушылар мен ата-аналары, математикадан жетекші мұғалімдері және «Дарын» орталықтарының басшылары қатысты.Ал «Алтын сақа» республикалық олимпиадасының қорытындысы бойынша Астана қаласының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі Б.Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейінде өтті. Салтанатты марапаттау рәсімінің ашылуында «Алтын сақа» олимпиадасының авторы Ырысбек Мәуітұлы мен «Астана дарыны» орталығы директорының орынбасары Буралкиева Гульбакыт Мукашевна олимпиада қатысушыларын құттықтап, оларға келешекте толағай табыстар тіледі. 5-6 сыныпқа арналған республикалық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының Бас жүлде, І, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталып, оларға «Зерделі» ақыл-ой мектебі атынан ақшалай сертификаттар және мектепте оқуға жеңілдіктер берілді. Командалық есеп бойынша Астана қаласы командасы Бас жүлдені иеленіп, «Алтын сақа» ауыстырмалы кубогы «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығына табысталды. Астана командасын жеңісімен құттықтаймыз!