7-8 сынып оқушыларының химия және биология пәндерінен республикалық жасөспірімдер олимпиадасы

«Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы 2023 жылдың 26-28 сәуір күндері химия және биология пәндері бойынша 7-8 сынып оқушылары арасында республикалық олимпиада (бұдан әрі – Олимпиада) өткізеді. Олимпиада «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен «ZERDE-LIDER» білім беру орталығымен бірлесіп ұйымдастырылады. Олимпиаданың мақсаты – химия, биология пәндерін тереңдетіп оқуға оқушылардың қызығушылығын арттыру, олимпиадаларға дайындық жүйесін жоғары деңгейде жетілдіру және олимпиадалық резервті қалыптастыру. Қазіргі кезде мектеп оқушылары арасында химия-биологиялық бағыттағы пәндерге қызығушылық күннен күнге артуда. Бүгінде еліміздің алдында тұрған ғылым, білім, кәсіби кемелдену әлеміндегі мәселелерді шешу үшін жас дарындарды қолдау қажет. Осындай қолдауды екінші жыл қатарынан қайырымдылық қызметімен танымал, әлемдегі ең ірі Exxon Mobil мұнай компаниясы көрсетіп келеді. Олимпиаданың бас демеушісі Exxon Mobil компаниясы еліміздегі әлеуметтік және білім беру жобаларын белсенді түрде қолдап отырады. Олимпиада 2 турдан тұрады:І тур – теориялық; ІІ тур – практикалық. Олимпиадаға 7-8 сынып оқушыларына арналған жасөспірімдер олимпиадасының қорытындысы бойынша жоғары рейтинг көрсеткен 171 оқушы (биологиядан: 7- сыныптан – 46, 8 – сыныптан – 42 оқушы; химиядан: 7- сыныптан – 39, 8-сыныптан – 44 оқушы) қатысады. Қатысушыларды тіркеу: 26 сәуір күні сағат 11.00 – 12.00 дейін «Думан» қонақ үйінде (Қорғалжын тас жолы, 2А) Олимпиаданың өтетін уақыты: І тур:биология пәнінен – 26 сәуір, сағат: 14.30 – 16.30 («Думан» қонақ үйінде);химия пәнінен – 26 сәуір, сағат: 16.30 – 18.30 («Думан» қонақ үйінде); ІІ тур:биология пәнінен – 27 сәуір, сағат: 10:00 – 12.30 (Қадыр Мырза Әлі атындағы BINOM SCHOOL мектеп – лицейінде);химия пәнінен – 27 сәуір, сағат: 10:00 – 12.30 (Қаныш Сатпаев атындағы BINOM SCHOOL мектеп – лицейінде). Марапаттау рәсімі 28 сәуірде «Думан» қонақ үйінің конференция залында өтеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының I, II және III дәрежелі дипломдары және грамоталарымен, сондай – ақ Exxon Mobil компаниясының бағалы сыйлықтарымен марапатталады. Олимпиаданың барлық қатысушыларына сертификаттар табысталады. Қосымша ақпаратты 8775 131 10 09 телефоны арқылы алуға болады.