Елордалық оқушылардың еліміздегі ең беделді әрі ауқымды Олимпиададағы кезекті жеңісі

2023 жылдың 20-25 наурызында Шымкент қаласында жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық олимпиадасының қорытынды кезеңі өтті.Астана қаласынан жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша (9-11 (12) сыныптар) 70 оқушы қатысты.Елордалық жас зияткерлер Олимпиададағы тамаша жетістіктерімен қуантуда. Жас олимпиадашылар ​ 50 жүлделі орынға ие болып, жоғары білім деңгейлерін тағыда дәлелдеді, Астана қаласының қоржынында: 7 алтын, 18 күміс және 25 қола медаль!Біздің оқушылардың ​ олимпиададағы көрсеткіштері жыл сайын артып келеді. Биылғы жылы елордалық дарындардың олимпиадада қол жеткізген жүлделерінің көрсеткіші 72% құрады (2021-2022 оқу жылында-50%).Олимпиаданың соңғы кезеңінде елордалық оқушылардың жетістіктері оқушылардың тынымсыз дайындығы мен сол жолда жан-жақты дайындап, білім нәрімен сусындатқан жетекшілерінің жемісі. Балалардың өз қарым-қабілетімен қоса, қандайда бір жетістікке жету жолында сол қабілетті танып, дарындарын ұштай білген ұстаздардың да еңбегі ерен.Педагогтердің жоғары кәсібилігі мен шығармашылық еңбегінің арқасында біздің оқушылар жыл сайын түрлі деңгейдегі зияткерлік олимпиадаларда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.»Астана дарыны» орталығы олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қол жеткізген жетістіктерімен құттықтайды және оқушылары мен жетекшілеріне зор денсаулық, шығармашылық табыс тілейді. Білімнің биік тұғырларын бағындыра беріңдер, жас дарындар!