Семинар «Пәндік олимпиадаға дайындық пен біліктілікті арттыру стратегиялары»

2023 жылы 15 наурыз күні «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анық тау және қолдау орталығы А.Байтұрсынов атындағы Binom school мектеп-лицейінде елордалық педагогтерге жаратылыстану бағыты пәндері бойынша «Пәндік олимпиадаға дайындық пен біліктілікті арттыру стратегиялары» семинарын өткізді. Семинар мемлекеттік және орыс тілінде өтті. Семинарға 2019-2023 жылдар аралығында оқушылары биология, химия, география пәндерінен қалалық, республикалық, халықаралық деңгейде жүлделі орын алған және жалпы білім беру пәндері олимпиадасының нәтижесі бойынша «Астана дарыны» орталығы рейтингіне енген педагогтер (34 мектеп, 64 педагог) қатысты. Семинарда Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ география кафедрасының доценті, PhD докторы, Халықаралық білім қоры «Білім-инновация» бөлімінің әдіскерлері және оқушылары жүлделі орындарға ие болып жүрген ұстаздар (№№6 Г, 46 МГ, 66 МЛ, 73 МЛ, 82 «Дарын» мамандандырылған лицейі, Дарынды қыз балаларға арналған «Білім-инновация» лицейі) өз тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушыларға және тәжірибесімен бөліскен спикерлерге «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының сертификаттары берілді.