«ӘЛИХАН және АЛАШ» зияткерлік үстел ойыны

2023 жылдың 1 наурызында «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейімен бірлесіп қалалық «ӘЛИХАН және АЛАШ» зияткерлік үстел ойынын өткізеді.Мақсаты: жалпы білім беретін мектеп оқушыларының Әлихан Бөкейхан мен Алаш қайраткерлерінің өмір жолына қызығушылықтарын ояту, шығармаларын насихаттау, оқушылардың әдебиеттік шығармаларға құштарлығын арттыру.Міндеттері:- мектеп оқушыларына Ұлт көсемі, мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейхан және Алаш қайраткерлерінің тарихи ерліктерін насихаттау;- жаңа буынның патриоттық сезімін ояту, тәуелсіздік жолында қызмет еткен тарихи тұлғаларға деген құрмет дәріптеу;- Әлихан Бөкейханның еңбектерін зерттеп, терең меңгеруге қызығушылығын ояту. Ойында 3 бағыт бойынша сұрақтар болады:• «Ұлт көсемі – Әлихан» – Әлихан Бөкейханның өмірбаяны мен шығармашылығы;• «Ұраны – АЛАШ, мұраты – азаттық» – Алаш қайраткерлері (А.Байтұрсынұлы, Ш.Құдайбердіұлы, М.Шоқай, С.Сәдуақасұлы, Қ.Кемеңгерұлы, М.Дулатұлы, Б.Майлин, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабаев, С.Торайғыров, Х.Досмұхамедұлы, Х.Ғаббасұлы, М. Тынышбайұлы) өмірбаяны;• «Алаш тағылымы» – Алаш қайраткерлерінің шығармашылығы.Ойын 2 айналымнан тұрады:1 айналым – (әр мектептен келген оқушылар бір-бірімен сайысады);2 айналым – (жеңімпаздар арасындағы сайыс).Ойын ережеге сәйкес 8-10 сынып оқушылары арасында мемлекеттік тілде өтеді және әр білім беру мекемесі тек 1 қатысушы ұсынады.Өтетін орны: № 76 мектеп-лицейінде (Түркістан көшесі, 10/1)Басталуы: сағ.10.00