Педагогтерге арналған «Қобалжулы балалар, ескерту белгілері» тақырыбындағы вебинар

«Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының психологиялық қызмет бөлімінің әдіскерлері 2022 жылдың 2 қарашасында мектеп пен колледж педагогтеріне «Қобалжулы балалар, ескерту белгілері» тақырыбында вебинар өткізді. Вебинардың мақсаты: жасөспірімдердің аутодеструктивті мінез-құлқының алдын алу жұмыстарында орта білім беру педагогтерін психологиялық-педагогикалық ағарту. Вебинар лекторлары – психологиялық сүйемелдеу бөлімінің басшысы Г. К. Капанова орыс тілінде, бөлім әдіскері Л.Ж. Бодикова қазақ тілінде педагогтерге жасөспірімдердің аутодеструктивті мінез-құлқының алдын алу жұмысында психологиялық-педагогикалық құзыреттілікті арттыру және жасөспірімдердің жоғары қобалжу белгілерін тану тәсілдері туралы ұсыныстар берді. Өкінішке орай, қазіргі жасөспірімдерде анықтамасыз өзгерістермен,шиеленістің жоғары деңгейімен сипатталатын қобалжу жағдайлары жиі кездеседі. Психологтер үнемі қобалжуы жоғары балалар мен жасөспірімдердің саны артып келе жатқанын атап өтті. Қобалжулылық – белгісіз, (нақты немесе ойдан шығарылған) қауіпті жағдайда пайда болатын, қолайсыз оқиғалардың дамуын күткенде көрінетін және шиеленіс пен мазасыздықты субъективті сезінумен сипатталатын, күңгірт сезімдердің эмоционалды күйі. Вебинарда лекторлар бұл жағдайдың негізгі себептерін атады:• әр түрлі эмоциялық уайымдар (мектептегі сәтсіздік, құрдастарымен қанағаттанарлықсыз қарым-қатынас);• тәрбиенің ерекшеліктері және отбасындағы атмосфера (мазасыз ата-аналар, отбасылық тәрбиенің авторитарлық стилі, шамадан тыс талаптар мен үміттер);• жарақаттан кейінгі стресс (психологиялық немесе физикалық зорлық-зомбылық, жазатайым оқиға);• ішкі кикілжің (өзін-өзі бағаламау проблемалары, өз жетістіктеріне қанағаттанбау, ата-аналардың және мектептің қарама-қайшы талаптары);• артық талаптар. Вебинарда мұғалімдерге балалармен жұмыс жасау кезінде жасөспірімдердің суицидтік мінез-құлық белгілеріне назар аудару, қиын жағдайда қалуы мүмкін жасөспірімге сұрақ қоя білу, жасөспірімнің ата-анасынан, мұғалімнен қаймықпай көмек сұрау жолдары айтылды. Сонымен қатар лекторлар өз ұсыныстарында қобалжуы жоғары және проблемалары бар жасөспірімнің ата-аналары өз ұйымының психологі көмегіне уақытылы жүгінудің қаншалықты маңызды екенін атап өтті.