2022 жылы 13 қазанда «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының психологиялық қызмет бөлімінің ұйымдастыруымен жас педагог-психологтерге арналған «Психолог жұмысында арт- терапиялық әдістерді қолдану» тақырыбында № 33 «Алтын дән» балабақшасы базасында әдістемелік семинар өтті. Семинардың мақсаты: мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыста арт-терапиялық әдістерді қолданудың тиімділігі жайлы тәжирибе алмасу. Семинараға мектепке дейінгі тәрбие және оқыту мекемелерінен 33 педагог- психолог қатысты. «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының психологиялық қызмет бөлімінің аға әдіскері А.Исабекова алғы сөзімен семинарды ашып, іс-шараның мақсаты мен міндеттерін түсіндірді. Баланың шығармашылығын дамытуға бағытталған әдістердің бірі арт-терапия әдістерін қолдана отырып, балалармен жұмысты ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті. Әр түрлі тәсілдермен сурет салу (саусақтармен, жіптермен, дақтармен) балаларды өте қызықтырады. Осы жұмыстың қызықты тәсілінің бірі -витраждар жасау. Витраж-бұл мозаика түріндегі шыныдағы сурет немесе әйнектегі сурет. Соңғы жылдары мектепке дейінгі мекемелердің педагог – психологтері балалармен жұмыста витраждық кескіндемені кеңінен қолданып келеді. №33 «Алтын дән» балабақшасы – шағын орталығының педагог-психологі Адия Махметова «Витраждық кескіндеме техникасының көмегімен мектеп жасына дейінгі балаларда шығармашылықты дамыту» тақырыбында семинарға қатысушылармен тәжірибелік сабақ өткізді. Сабақ барысында қатысушыларға витраж техникасын қолдану және балалармен жұмыс жүргізу тәсілдері, қолдану құралдары көрсетіліп, педагог-психологтер тәжірибеде мектепке дейінгі жастағы балалармен жұмыста техниканы қолдану арқылы қолдың ұсақ моторикасын, табандылықты, зейінін дамытуда, сондай-ақ басталған істі соңына дейін жеткізуге деген ұмтылысты қалыптастырудағы практикалық маңыздылығына көз жеткізді. №33 «Алтын дән» балабақшасының педагог – психологі Гүлбахыт Узбекова «Ойын – эмоционалды саланы дамыту құралы» тақырыбында өз тәжірибесімен бөлісті. Кәсіби қызметтегі психологтер ойын терапиясы баланың «ойынмен емделуі», баланың қолайлы дамуына көмектесетін әдіс ретінде оны тәжірибеде қолдану жолдарына бағыт берді. Практикалық іс-әрекетте ойын терапиясы баланың көптеген сұраныстарын қанағаттандырады. Бұл әдісті медицинада, психологияда, педагогикада қолдануға болады, тұтастай алғанда ол баланың танымдық процестері мен қабілеттерін дамытуға бағытталған. Педагог – психолог өткізген ойындар қызықты, пайдаланылған көрнекі құралдар өте тартымды болды. №79 «Шабыт» балабақшасының педагог-психологі Әлия Дуамбекова «Мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыста мозартиканы пайдаланудың тиімділігі» тақырыбында тыңдаушылардың белсенді пікір алмасуын ұйымдастыра отырып, балалармен жұмыс жүргізу тәжірибесімен бөлісті. Педагог-психолог ретінде маман бүгінде баланың мазасыздық, агрессия, қорқыныш, шиеленіс, депрессия, өзіне деген сенімсіздік, қарым-қатынастың бұзылуы, сондай-ақ аффективті бұзылулар сияқты психологиялық проблемалары болса, түзетудің ең өнімді әдістерін таңдауға кеңес берді. Мозартика-бұл балалар әлемінің бейнесін біртіндеп қалпына келтіруге, олардың жағдайына, жасына қарамастан балалардың психологиялық мәселелерін шешуге көмектесетін нақты проективті әдістер жиынтығы және мұның бәрі ойын түрінде болатынын жан – жақты түсіндірді. «Мозартика» оңалту ойын технологиясының идеясының авторы П. Э. Русавскаяның еңбектеріне де шолу жасалды. Жалпы, «Мозартика» техникасы балаларға көрген, естіген және тәжірибе туралы өз әсерлерін басқаларға көрсетуге және жеткізуге мүмкіндік береді, сонымен қатар шығармашылық жағымды эмоциялар тудыратыны маңызды. Балалардың практикалық танымдық іс-әрекетке негізделген керемет сезімдерді, қиялды, ұсақ моториканы, әртүрлі материалдармен, жабдықтармен жұмыс істеу дағдыларын белсенді дамытуға негіз болатынын топтық жұмыстарды орындау барысында тыңдаушылар сезінді. Семинар соңында жас мамандар өз пікірлерімен және әсерлерімен бөлісіп, әріптестеріне алғыстарын білдірді.«Астана дарыны» дарынды балалар мен дарынды жастарды анықтау және қолдау орталығы атынан балабақша меңгерушісі А.Кеңесоваға және педагог-психологтерге арналған семинар өткізуге көмек көрсеткен педагогикалық ұжымға алғысымызды білдіреміз.