«Олимпиада нәтижелеріне қойылатын талаптар контекстінде география пәнін оқытудың өзекті мәселелері» семинары

2022 жылғы 13 қыркүйек күні сағат 15:00-де «Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығы «National Geographic Qazaqstan» журналының редакциясымен бірлесе отырып,               №72 мектеп-лицейі (Байтурсынов к-сі, 25) базасында «Олимпиада нәтижелеріне қойылатын талаптар контекстінде география пәнін  оқытудың өзекті мәселелері» тақырыбында семинар өткізді.

Семинарға қаланың білім беру мектептерінің жүзден астам география пәнінің мұғалімдері қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – әдістемелік әдебиеттерді зерделеу және педагогтер мен тәрбиешілердің іс-тәжірибесін жалпылау негізінде дарынды балалармен жұмыс істеудің әдістемелік жинағын қалыптастыру.

Семинар жұмысы «Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығы директорының орынбасары Гүлбақыт Мұқашқызы Буралкиеваның құттықтау сөзімен ашылды.

Биология пәнінің мұғалімі Ақайша Жылқайдарова мен физика және информатика пәнінің мұғалімі, жаңашыл ұстаз Назымгүл Кәрімова өз сөзінде «National Geographic» журналында оқушылардың ғылыми сауаттылығын дамыту, ғылыми әдістемелер мен оқыту тұжырымдамасы туралы айтты.

Баяндамашылар сөзінің соңында әрбір қатысушы сыйлыққа қазақ тілінде шығатын «National Geographic Qazaqstan» журналдарын алды.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ физика-экономикалық география кафедрасының профессоры, п.ғ.д. Саипов Әбдімәжит Аманжолұлы өз сөзінде мектеп оқушыларын география пәнінен пәндік олимпиадаға дайындау мәселесін көтерді.

Келесі сөз кезегі ЕҰУ докторанты Шұлғаубаев Ернұр Қайратұлына берілді. Спикер өз сөзінде олимпиада қозғалысының дамуы және география пәнінен оқушыларды олимпиадаға дайындау жүйесі туралы айтты.

Баяндамашы, №72 мектеп-гимназиясының география пәнінің мұғалімі Төлеген Васильевич Абдраисовтің сөйлеген сөзі зал тыңдаушыларын шабыттандырып, «Бұйратау» ұлттық табиғи паркіне экологиялық туристік саяхат лебін сезіндірді.

Баяндамашы №3 мектеп-гимназиясының география пәні мұғалімі Аренов Ербол Бейсембайұлы олимпиадаға дайындықтың қосымша құралдары туралы сөз өрбітті.

Ол география пәні мұғалімдеріне балаларды әртүрлі деңгейдегі зияткерлік олимпиадаларға дайындаудың әдістері мен құралдарын үздіксіз пайданалуды ұсынды.

№62 мектеп-лицейінің география пәні мұғалімі Алма Базарғалиқызы Тұрғамбекова қорытынды сөзінде балаларды олимпиадаға дайындаудағы жетістіктерімен бөлісті.

Баяндамашылардың сөздері  мазмұнымен, тақырып аясының кеңдігімен ерекшеленді. Қатысушылар талқылауға белсене қатысып, барлық сұрақтарына жауап алды.