Тамыз кеңесі аясындағы көрме

Тамыз айының соңы – бала тәрбиесі бағбаны болған ұстаздар қауымы үшін ерекше кезең.

Жаңа оқу жылы қарсаңында жыл сайын тамыз айында өткізілетін педагогикалық конференциялар, форумдар, дөңгелек үстелдер аясында түрлі деңгейде білім беру мәселелері мен оларды шешу жолдары дәстүрлі түрде талқыланады.

Бүгін де, яғни 25 тамызда Нұр-Сұлтан қаласындағы Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияда «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» атты дәстүрлі конференция өтті.

Бүгінгі таңда елімізде білім саласына үлкен мән беріліп келеді. Қазақстанның болашағы жастарымыздың қолында екені бәрімізге мәлім.

Әр дәстүрлі тамыз кеңесінде елордалық ұстаздар білім беру жүйесінің болашағын болжап, білім сапасын арттыру шарттарын белсенді түрде талқылайды.

Елордалық ұстаздар заман ағымына ілесіп, үнемі білім алып, бар білгенін шәкірт санасына сіңіруде.

Нұр-Сұлтан қаласының оқушыларының республикалық және халықаралық білім кеңістігінде абыроймен өнер көрсетуі сол ұстаздардың арқасында.

Конференция аясында көрме ұйымдастырылып, оған  елордалық №3 МЛ, №8 МЛ, №15 МЛ, №38 МЛ, №47 МГ және №64 МЛ мектеп оқушылары ғылыми жобаларымен қатысты.

Балалар өмір сапасын жақсарту үшін өздерінің жобалық жұмыстарын ұсынды.

Жас дарындардың инновациялық туындылары көрермендердің ықыласына бөленді, ұстаздар балаларды қызыға тыңдап, сұрақтар қойып, тұшымды жауаптар алды.

Елордалық оқушылар мен олардың тәлімгерлерінің мақтанышпен көрсете алатын дүниелері жоқ емес. Еліміздің болашағы білімді ұрпақтың қолында!