Қоғамда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер мен еліміздің білім беру саласының әлемдік білім кеңістігіне өтуі білім беру саласында, соның ішінде мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға уақыт талабына сай өзгерістер енгізуді талап етіп отыр. Қазіргі кезеңде білім-ғылым саласында инновациялық технологиялар қаншалықты маңызды болса, мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеуде кеңінен қолданылатын ұғымдардың біріне айналды. Осыған орай, инновациялық технологиялар элементтерін мектепке дейінгі мекемелердің педагог-психологтері өз қызметінде қолданып келеді.
2022 жылдың 6 мамыр күні №72 «Жанарым» балабақшасының базасында «Астана дарыны» ДДжПСО психологиялық қызмет бөлімінің жоспарына сәйкес жас психологтерге арналған «Педагог – психолог жұмысындағы инновациялық технологиялар» тақырыбында семинар – практикум өтті.
Семинарға Нұр-Сұлтан қаласының балабақшаларынан 25 педагог – психолог қатысты.
Семинар – практикумның мақсаты: мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыста инновациялық технологиялар элементтерін қолдану жолдары және тиімділігі жайлы тәжірибе алмасу.
Психологиялық қызмет бөлімінің аға әдіскері, психолог А. Исабекова және балабақша меңгерушісінің м.а. К.У. Аканова жас мамандар үшін ұйымдастырылып отырған семинардың маңыздылығын айтып, қатысушыларға жағымды көңіл-күй тіледі.
Бағдарламаға сай аталған балабақшаның педагог-психологі Майраш Қасымова «Балабақша педагог-психологі жұмысындағы инновациялық технологиялар» тақырыбында таныстырылым жасап, жалпы ақпарат берді.Тәжірибелік бөлімде қатысушыларды қатыстыра отырып, бірнеше кинезиологиялық жаттығулар мен нейропсихологиялық ойындар тәжірибеде көрсетілді.
Семинар барысында қатысушылар ұсынылған технологияның теориялық негізімен танысып, кинезиологиялық жаттығулар мен нейропсихологиялық ойындарды орындау әдістері бойынша көмек алды.
Балалармен, соның ішінде түзету және инклюзивті топтағы балалармен жұмыс жасауда инновациялық технологиялардың элементтерін қолданудың маңыздылығына аса мән берілді. Жаттығулар мен тапсырмалар қатысушылар үшін өте қызықты және әдістемелік жағынан пайдалы болды. Қатысушылар маңызды ақпарат беріп, өз тәжірибесімен бөліскені үшін № 72 «Жанарым» балабақшасының психологіне алғыстарын білдірді. Психологиялық қызмет бөлімінің аға әдіскері Айжамал Исабекова семинар жұмысын қорытындылай келе, балабақша психологінің еңбегін бағалап, «Астана дарыны» ДДжПСО атынан меңгерушінің м.а. К.У. Акановаға және педагогикалық ұжымына семинарды жоғары деңгейде өткізуге жағдай жасағаны үшін алғысын білдірді.