2022 жылдың 18-22 сәуір күндері бүкіл еліміз бойынша бір мезгілде жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық олимпиадасының қорытынды кезеңі өтті.
Елордалық жас олимпиадашылар өздерінің жоғары білім көрсеткіштерімен 93 жүлделі орынға ие болып, өз білім деңгейлерін тағы бір мәрте дәлелдеді, оның ішінде: 24 алтын, 29 күміс және 40 қола медаль!
2020-2021 оқу жылында елордалық команда 68 жүлделі орынға ие болса (оның ішінде: 11 алтын, 24 күміс және 33 қола медаль болса) биылғы жылы одан да көп медаль қоржынға түсірді.
Елордалық жас дарындардың осындай керемет көрсеткіші – ұстаз бен оқушылардың бірлескен және табысты шығармашылық жұмысының нәтижесі.
Барлық балалар табиғатынан дарынды болғанымен де, оларды білім кеңістігінде баптайтын Ұстаздың еңбегі зор.
Оқушылардың жеңісі – ұстаздардың жемісі. Педагогтердің жоғары кәсібилігі мен шығармашылық еңбегінің арқасында біздің оқушылар жыл сайын әртүрлі деңгейдегі зияткерлік олимпиадаларда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді дайындаған мектептерді аса құрметпен атап өткізіміз келеді: дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицейі, «NurOrda» мектеп-лицейі, №46 мектеп-гимназиясы, дарынды қыз балаларға арналған «Білім-инновация» лицейі, №6 гимназия, № 9 «Зерде» мамандандырылған мектебі, №5 мектеп-гимназиясы, «Spectrum» халықаралық мектебі, № 82 «Дарын» мамандандырылған лицейі, №66 мектеп-лицейі, №17 мектеп-гимназиясы.
«Астана дарыны» ДДжПСО олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қол жеткізген жетістіктерімен құттықтайды және сәттілік, шығармашылық табыс пен білімнің жаңа шыңдарын бағындыратын күш-қуат тілейді!