Елордада ақиық ақын есімі ұлықталды!

ҚР Үкіметтің № 669 қаулысына сәйкес Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің № 74 мектеп-гимназиясына Мұқағали Мақатаевтың есімі берілді. Осыған орай бүгін, яғни 11 наурыз күні атаулы білім шаңырағында алаштың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев атындағы ғылыми орталық ашылды.
Орталықтың мақсаты – ғасыр ақыны Мұқағалидың жырларын насихаттау, дәріптеу арқылы әрбір оқушыны Отанын сүюге, елін сүюге тәрбиелеу арқылы қазақ поэзиясының ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына қызығушылығын арттыру, парасатты, адами қасиеті жоғары, жан-жақты дамыған, шабыты оянған тұлғаны қалыптастыру.
Ашылу салтанатына ақынның ұрпағы Жұлдыз Мұқағалиұлы мен келіні Бақытгүл ханым, сондай-ақ, ҚР Мәжіліс депутаттары, еліміздің зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ «Астана дарыны» ДДжПСО директоры Тұрсынов Ғаждембек Қуанышұлы қатысты.
Заманауи технологиялармен жабдықталған ақын атындағы ғылыми орталықтың ұстаздар мен ата-аналарға және оқушылар үшін тың жаңалық болып қана қоймай, өскелең ұрпақ санасына қаламгер мұрасын сіңіруге зор үлес қосады деген үміттеміз!