«Жас психолог мектебі» аясында өткен мектепке дейінгі педагог- психологтер семинары

2022 жылдың 17 ақпаны күні «Астана дарыны» ДДжПСО психологиялық қызмет бөлімінің ұйымдастыруымен «Жас психолог мектебі» оқыту семинары аясында № 30 «Қайнар» балабақшасында «Мандала терапия эмоционалдық жағдайды реттеу құралы» тақырыбында семинар- практикум өтті.
Семинардың мақсаты: Балалармен жұмыста мандала терапия әдісін қолдану бойынша тәжірибемен бөлісу.
Санскриттен аударғанда «мандала» шеңбер немесе «сфера» дегенді білдіреді. Мандала ұғымын психотерапияға аналитикалық психологияның негізін қалаушы Карл Густав Юнг (1875-1961) енгізді. Мандала-бұл әлемдегі үйлесімділіктің, бірліктің, ғаламның, әлемнің және адамның тұтастығының қасиетті символы.
Соңғы жылдары мектепке дейінгі мекемелерде мандала әдісін психолог мамандары өз тәжірибелерінде кеңінен қолданып жүр.Семинар- практикумның теориялық бөлімінде аталған балабақшаның педагог-психологтері Абдрашова А., Иманбекова Г., Туякпаева Д. «Мандала терапиясы эмоционалды жағдайды реттеу әдісі», «Бірлестік шеңбері» мата терапиясы техникасын қолдану бойынша таныстырылым жасады.
Бағдарлама бойынша практикалық бөлімде балабақшаның психологтері «Мандала терапия сабырлықтың ғажайып құралы», «Мандала терапия – менің бірегей шығармашылығым және мен әдемі өмір сүремін», «Мандаламен тоқу кезінде эмоциялар мен сезімдерді түсіну» тақырыптарында қатысушыларды үш топқа бөліп, тәжірибелік сабақтар жүргізді. Сабақтар өте қызықты және әсерлі болды. Мандала сурет өнері ғана емес, адамның өзін-өзі көрсетуі, сурет көмегімен оның ішкі әлемін танып, проблемаларды диагностикалауға, баланың эмоционалдық күйін ажыратудың тамаша тәсілі екеніне көз жеткіздік. Мұндай ерекше және қызықты қызмет психологиялық бұзылыстарды анықтауға және түзетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мандаламен жұмыс жүргізу гиперактивті балалардың зейінін шоғырландырып, шығармашылық пен еркіндікті дамытуға негіз болады.
Балабақшаның әдіскерлері Ищанова Р.Т.Алимгазина С.А. ұйымдастырған кері байланыста жас мамандар семинар туралыжағымды ой- пікірлерін айтты және өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, алғыстарын білдірді. Семинарға 28 педагог-психолог қатысты.
Психологиялық қызмет бөлімінің басшысы А.Исабекова семинарды қорытындылай келе, «Астана дарыны» ДДжПСО әкімшілігі атынан семинарды ұйымдастырып, өткізуге жағдай жасағаны үшін №30 «Қайнар» балабақшасының меңгерушісі Жданова Инна Владимировнаға және педагогикалық ұжымға алғыс айтты.