«Жас психолог мектебі»: мектепке дейінгі мекемелер педагог-психологтерінің оқыту семинары

2021 жылдың 25  қараша  күні «Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығы психологиялық қызмет бөлімінің жұмыс  жоспарына сәйкес мектепке дейінгі мекемелер  педагог-психологтеріне «Жас психолог мектебі»  аясында оқыту  семинары өткізілді.

          Семинар мақсаты – психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті   психологінің  жұмыс  тәжірибесімен танысу. 

Орталық директорының орынбасары Г. Буралкиева  семинарды ашып,  психологиялық қызмет бойынша атқарылған іс-шараларға талдау жасай келе, алдағы жоспарлар туралы ақпарат берді. 

Семинар бағдарламасы бойынша Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің №2 Психологиялық – педагогикалық түзеу кабинетінің    педагог- психологі Абилова Шолпан Қайратқызы  мінез құлқында, қарым-қатынаста, оқуда, сөйлеу, есту, көру, тірек-қимыл аппаратында ауытқушылықтары бар балаларға жүйелі психологиялық-педагогикалық қолдауды, психологиялық түзету және оңалту түрінде көрсету алгоритімімен таныстырып өтті.  ППК жолдамасымен келген  баламен қалай   және қандай  психологиялық  жұмыстар жүргізілуі керектігі  кеңінен  талқыланды. Арнайы мамандардың  қойған диагнозымен келген  баламен жұмыс жасау үшін  жеке даму жоспарын құру, жұмыс  құралдарын таңдауға  ерекше  мән берудің  қажеттілігі баса айтылды.  Балабақша  мен  ата-ана байланысын ынтымақтастыру, өзара серіктестік орнату, ата-ананың оқу-тәрбиеге қатысты жауапкершілігін арттырудың әдіс-тәсілдерін тиімді қолдану жолдары туралы өз тәжірибесімен бөлісті. Тыңдаушылар тарапынан  қойылған  сұрақтарға  жауаптар  берілді.

№2 Психологиялық – педагогикалық түзеу кабинетінің  дефектолог маманы  Сагадатова Асел Хамиджановна  «ерекше»  баламен жұмыс нәтижесі бірнеше мамандардың:    логопед, дефектолог, әлеуметтік педагог және  психологтің   бірлескен жүйелі  жоспары негізінде болатынын айтты. Спикерлер қатысушылармен  «Тұлғалық өсу»  тренингін   шеберлікпен ұйымдастыра білді.  

Тренинг барысында  өмірлік және кәсіби міндеттерін шешуге кедергі келтіретін өзінің психологиялық мәселелерін ұғынуға, өзінің жағымды қасиеттерін неғұрлым эффективті қолдануға, қабілеттердің неғұрлым шынайы бағалауын қалыптастыруға, өзіндік қателіктер мен кемшіліктерін көруге мүмкіндік болды.

Семинарға мектепке дейінгі мекемелерден   20  педагог- психолог  қатысты.

 Өз тәжірибесімен  бөлісіп,    маңызды  ақпараттар  бергені  үшін   мамандарға  алғыс білдіреміз.