2021 жылдың 21-22 қазан күндері Нұр-Сұлтан қаласында «Интеллектуалды дарынды жастар – елордалық білім берудің басты әлеуеті» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.
Тәрбиелік мәні зор атаулы шараның ұйымдастырушысы –Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығы.
Конференцияның мақсаты – ресейлік және республикалық мұғалімдер арасындағы серіктестік пен конструктивті өзара қарым-қатынасты дамытуға үлес қосу. Конференция барысында жоғары оқу орындары, білім беру мекемелері мен оқу орталықтары арасындағы неғұрлым тиімді байланыс тетігін табу, дарынды балалармен және қабілеті жоғары талантты жастармен жұмыс жасау, ата-аналарды балалармен бірлескен шығармашылық қарым-қатынасқа тарту мәселелері талқыланды.
Шараға отандық мен ресейлік ғалымдар, «Дарын» аймақтық орталықтарының, білім бөлімдерінің, мамандандырылған мектептер мен оқу орталықтарының өкілдері қатысты. Ресейлік ғалымдар конференцияға қашықтықтан қосылды.
Конференция жұмысына барлығы 200-ден астам делегат атсалысса, соның 70-і әр аймақтан келген өкілдер.
Конференция аясында 3 секциялық отырыс өткізілді, білім беру саласындағы қазақстандық және халықаралық сарапшылардың 18-ден астам баяндамасы тыңдалды.
Әл-Фараби атындағы оқушылар сарайында өткен конференцияның бірінші күні Пленарлық отырыста баяндама оқығандар:
– Дәуенов Ернұр Нұрланұлы – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары;
– Куатова Айгүл Советовна – «Елбасы академиясы» КҚ Көшбасшыларды дамыту және цифрлық білім беру орталығы жетекшісі;
– Саясат Нұрбек – BTS Education бас директоры;
– Нұркешев Тимур Сейтқажыұлы – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры;
– Аубакиров Ержан Бейсембекұлы – «Bilim innovation» халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті;
Тесленко Александр Николаевич – академик, педагогика ғылымдарының докторы (ҚР), әлеуметтану ғылымдарының докторы (РФ), профессор.
Конференцияның екінші бөлімінде қатысушылар секцияларда жұмыс жасап, талқылау жүргізді.
Екінші күні конференцияға қатысушылар республикалық және халықаралық олимпиадаларда үздік нәтиже көрсететін оқушыларды баптап жүрген №82 «Дарын» мамандандырылған лицейі, дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицейі, шейх Тамима бен Хамад аль-Тани атындағы №85 мектеп-лицейі сияқты елорданың үш негізгі білім ордаларына барды.
Іс-шара соңында конференция қатысушылары «NURORDA» мектеп-лицейінің акт залында бас қосып, халықаралық конференцияның жабылу салтанатын тамашалады.
Қазіргі жасампаз адамзат құндылықтарының негізі – іскерлік, бастамашылдық, кәсіби күш, жаңашылдыққа ұмтылу және өздерінің шығармашылық әлеуетін іске асыру мүмкіндіктерін табу.
Ұйымдастырушылар да, қатысушылар да конференция тәжірибе алмасудың, жаңа инновациялық технологиялармен және тың жобалармен танысудың, әріптестермен қарым-қатынас орнату мен олардың озық ойларын насихаттаудың бірегей жолы екенін тілге тиек етті.
Іс-шара барысында инновациялық даму, дарынды балалар мен талантты жастарды мемлекеттік қолдау, елдегі білім сапасын арттыру және т.б. сияқты өзекті мәселелер талқыланды.
Аталған мәселелер пленарлық отырыс пен панельдік талқылауда, сондай-ақ үш платформа аясында қаралды. Қатысушылар іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, ризашылықтарын білдірді.