2021 жылдың 12 қазан күні «Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығы психологиялық қызмет бөлімінің жұмыс жоспарына сәйкес мектепке дейінгі мекемелердің педагог-психологтеріне «Жас психологтер» мектебі аясында қалалық семинар өткізілді.
Семинардың мақсаты: Әріптестер арасында жаңа идеялармен тәжірибе алмасу. Жаңа әдіс – тәсілдерді тәжірибеде қолданудың тиімділігін бағалау.
Орталықтың директоры Ғаждембек Қуанышұлы алғы құттықтау сөзімен семинарды ашып, балалардың мамандық таңдау бағыты бойынша «Қабілет» орталығының жұмысына, психологиялық қызмет бойынша атқарылған іс- шараларға талдау жасай келе, алдағы жұмыстар туралы да ақпарат беріп өтті.
Семинар бағдарламасы бойынша Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық Академия Инклюзивті білім беру орталығының жетекші сарапшысы Майя Темірбаева «Инклюзивті білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтарын іске асыру» тақырыбында қашықтықтан баяндама жасап, инклюзивті білім берудің өзектілігімен, инклюзивті білім берудің нормативтік құжаттарымен таныстырды. Ерекше білімді қажет ететін балаға психологиялық көмек көрсету мәселесі бойынша тыңдаушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді. Бұл оқытудың тиімділігі балалардың оқу үрдісіндегі қажеттіліктерін қанағаттандырып, баланың адамдармен қарым-қатынасына қажетті қабілеттілікті дамытуға мүмкіндік жасалатына тоқталып өтті.
Workshops / Озық тәжірибелер шеберханасында Сулейменова Согдиана Ерлановна (№63 «Әсемай» балабақшасының педагог-психологі) «Балабақша жанындағы түзету кабинеті психологының ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс жүргізу ерекшеліктері», Ахметжанова Айнагул Тасымовна (№53 «Мерей» балабақшасының педагог-психологі) «Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс құжаттарын әзірлеу ерекшеліктері» тақырыптарында тыңдаушылармен тәжірибе алмасты. Инклюзивті білім беруде жаңа әдіс – тәсілдерді енгізу тиімді болса, мектеп жасына дейінгі балалардың оқу қызметінде қажеттіліктерін қанағаттандырып, балалардың жағдайлары оң жағынан өзгеретіне көптеген дәлелдер келтірілді. Психологтің ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жүргізілетін жұмыстың алгоритімі, дамыту сабақтарында қолданылатын дидактикалық құралдар, технологиялар және бала ерекшелігіне сай құрылатан бағдарламалар, сабақ жоспарлары туралы тәжірибелерімен бөлісу тыңдаушылар үшін танымды және маңызды болды деп айта аламыз.
Бағдарламаның «Ата-аналармен жұмысты ұйымдастыру» тәжірибелік бөлімінде Тлеубаева Динара Жуманазаровна(№8 «Думан» балабақшасының педагог- психологі) «Ата-аналармен ағартушылық жұмыс жүргізудің дәстүрлі емес тәсілдері», Дуамбекова Алия Сарсенбаевна (№24 «Айналайын» балабақшасының педагог- психологі) «Бақытты отбасының құпиясы», Баранбаева Айгул Сериковна(№63 «Әсемай» балабақшасы шағын орталығының педагог – психологі) «Психологтің ата-аналармен өзара әрекеттесуі» тақырыптарында тыңдаушылармен өткізген шебер сынып, психологиялық тренингтер аясында отбасындағы тәрбиенің маңыздылығы, балабақша мен ата-ана байланысын ынтымақтастыру, өзара серіктестік орнату, ата-ананың оқу – тәрбиеге қатысты жауапкершілігін арттырудың әдіс-тәсілдерін тиімді қолдану жолдары көрсетілді.
Психологиялық қызмет бөлімінің басшысы Айжамал Исабекова пікір алмасу, рефлексивтік диалогтің аясын кеңейту, әріптестердің өз тәжірибелерін дамыту және игерген дағдылары тәжірибеде пайдалануды жетілдіру мақсатында «Психолог қызметінің жұмыс жоспарын моделдеу» тақырыбына коучинг – тренинг өткізді.
«Ата-аналармен жүргізілетін жұмыстар», «Балалармен жүргізілетін жұмыстар», «Педагогтермен жүргізілетін жұмыстар» және «Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жүргізілетін жұмыстар» тақырыптары бойынша тыңдаушылар 4 топқа бөлініп жұмыс жасады. Жоспарланған іс-шаралардың маңыздылығы, тиімділігі және күтілетін нәтижеге ерекше назар аударуға бағыт берілді. Берілген уақытта тыңдаушылар тақырып бойынша постер құрастырып, әр топ өз жобаларын қорғады. Қатысушылар ортасынан дайындалған сарапшылар топтардың жұмысына SWOT-анализ жасады.
Коучинг соңында:
1.Бүгінгі коучинг сабағынан қандай әсер алдыңыз?
2.Бүгінгі сабақ тақырыбы сіз үшін өзекті ме?
3.Сіз үшін жаңа ақпарат байқалды ма?
4.Жұмысты жетілдіру үшін сіздің ұсыныстарыңыз? сұрақтары бойынша кері байланыс жүргізілді.
Коучинг – мұғалімдердің үздіксіз өз тәжірибелерін жақсартуына, мұғалімдердің мақсатқа бағытталған талқылауы мен әрекет ету тәсілі болып табылады
Семинарға мектепке дейінгі мекемелерден (№№1,2,3,4,5,6,7,9,10,11(шағын орталық), 12,14,15,18,19,,20,22,24,25,30,31,32,33,33 балабақша-бастауыш мектеп, 38,39,41,45,46,48,49,50,52,53,54,59,62,63,65,66,67,68,69,70,72,79,82,84,87,88,89,93, 95) 67 педагог- психолог қатысты.
Семинар жұмысын «Астана дарыны» ДДжПСО директоры Ғ. Тұрсынов қорытындылап, қатысушыларға, өз іс-тәжірибесімен бөліскен психологтерге алғысын білдірді. Оқу жылында шығармашылықпен жұмыс жасап жүрген бірнеше психологтер орталықтың Алғыс хатымен марапатталды.
Семинар жұмысының соңында «Бүгінгі семинардан алған әсерім…» кері байланысы ұйымдастырылып, тыңдаушылар стикерге өз пікірлерін жазып қалдырды.
Семинар барысында әріптестер арасында жаңа идеялармен тәжірибе алмасу, жаңа әдіс-тәсілдерді тәжірибеде қолданудың тиімділігін бағалау әрекеті жүзеге асырылды деп тұжырым жасай аламыз.
Адам жан дүниесінің сырын зерттеуші маман психологтерге мықты денсаулық, шығармашылық табыстар тілейміз!