«Елбасы медалі» белгісімен марапаттау рәсімі

Кеше, яғни 2021 жылдың 11 қазан күні Ақмола облысы бойынша сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласынан қатысқан жеңімпаздарды 13 қола және 2 күміс деңгейдегі «Елбасы медалі» белгісімен марапаттау рәсімі өтті.

Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Тәуелсіз Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі зор екені баршамызға белгілі.  «Елбасы медалі» жобасы еліміздің Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ел үміті» бастамасын жүзеге асыру аясында әзірленген.

«Елбасы медалі» жобасы әр қатысушының білімін, шығармашылық, мәдени және басқа да қабілеттерін арттырып, таланттарын ұштауға арналған. Бағдарлама әр қатысушыға өз мамандығын адаспай тауып, өзін-өзі бағалай білуге және өз саласының көшбасшысы болуына жол ашады.

Қиыншылықтарды жеңе алатын, өзін әр түрлі салаларда жүйелі түрде дамыта алатын, басқаларға қамқор болатын, діттеген мақсатына жетуге деген құштарлығы басым, қабілеті биік, жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру бағдарламаның басты мақсаты болып табылады.

«Елбасы медалін» жастарды жан-жақты дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі жалғыз бағдарлама десек артық айтпаймыз. Бұл бағдарлама спорт, таланттар мен дағдылар, кітап оқу, Ұлттық мұра, волонтерлік, экспедициялар мен жорықтар, еңбек практикасы сияқты 7 негізгі саладан тұрады. Бағдарламаға 14-29 жас аралығында жас қазақстандықтар қатысады.

«Елбасы медалі» белгісі қола, күміс, алтын деңгейлерді қамтиды.

«Елбасы медалі» жобасының кезекті жеңімпаздарын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі Мәди Ахметов пен  «Елбасы академиясы» КҚ басқарушы директоры Әнуар Жанғозин марапаттап, жиналған жоба жүйріктеріне ақ жол тілеп, жігерлерін жани түсті.

Естеріңізге сала кетейік, марапаттау алғаш рет 2020 жылғы 14 желтоқсанда Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өткен болатын, ол уақытта елордалық алғашқы 14 оқушы қола медаль иегерлері атанды.

Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласынан аталған медальмен мапаратталған ұл-қыздардың саны 177-ге жетті.

Жеңімпаздарды қол жеткізген маңызды марапаттарымен құттықтаймыз!

Қымбатты достар, баршаңызға асқақ армандарыңыздың орындалуын, шыңдарды бағындыру жолында сәттілік пен жетістік тілейміз!