Жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін көп дайындық қажет. Әсіресе, олимпиада сияқты ауқымды интеллектуалды жарыстарға үздіксіз дайындалу керек.
2021 жылдың 1 шілдесінен 15 шілдесіне дейін «Астана дарыны» ДДжПС орталығы Нұр-Сұлтан қаласының оқушыларына арнайы EDLight академиясы орталығымен бірлесіп, NURORDA мектеп-лицейінің базасында жаратылыстану-математикалық бағытындағы (математика, физика, химия, биология, география, информатика) пәндерден жазғы олимпиада мектебінің оқу-жаттығу жиындарын (ОЖЖ) ұйымдастырды. Сабақтар қазақ және орыс тілінде жүргізілді.
Екі апта ішінде оқушылар әр түрлі деңгейдегі олимпиадалық тапсырмаларды шешті және талдады, есептерді шешудің жаңа тәсілдерін меңгерді.
Балалар теориялық және практикалық тапсырмаларды қызығушылықпен орындады. Қатысушылардың білім деңгейі әртүрлі болғанына қарамастан, мұғалімдер оқушыларды ортақ деңгейге жеткізе алды.
ОЖЖ ұйымдастырудың басты мақсаты – жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша барлық деңгейдегі олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне сапалы дайындықты қамтамасыз ету, республикалық олимпиадаға қатысушылардың дайындық сапасын арттыра отырып, олимпиада резервін пәндік білімге деген қызығушылық пен бейімділіктің деңгейі жоғары оқушылар қатарынан дайындап шығару.
2020-2021 оқу жылында осыған дейін ОЖЖ көктем мен күзде өткізілген еді, нәтижесінде елордалық мектеп оқушыларының республикалық пәндік олимпиада көрсеткіштеріне оң әсер еткеніне көз жеткіздік.
Оқу-жаттығу сабақтары таңертеңгі сағат 10-да басталып, кешкі 7-ге дейін өткізілді.
Тренерлер интеллектуалды жұмыс барысынан бөлек балаларға қызықты фильмдер көрсетіп, түрлі спорттық жарыстарды да ұйымдастырды.
Жазғы олимпиада мектебінде сабақ аяқталғаннан кейін оқу-жаттығу жиынының салтанатты жабылуы өтті, спорттық іс-шаралардың қорытындысы бойынша ең белсенді балалар естелік сыйлықтармен марапатталды, жазғы олимпиада мектебінің активті қатысушылары сертификаттар алды.