«Елбасы медалі» жобасының қола медалімен марапаттау рәсімі

2021 жылдың 12 наурызы күні Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында (Б.Момышұлы даңғылы, 5) Нұр-Сұлтан қаласының 28 үміткерін «Елбасы медалі» жобасының қола медалімен марапаттау рәсімі өтті. «Елбасы медалі» жобасы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «El umiti» бастамасын іске асыру аясында жүргізілуде. Қазақстанның Тұңғыш Президенті қуатты Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуында ерекше орын алды. «Елбасы медалі» – жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі жалғыз бағдарлама.

Ол 7 негізгі бағыттан тұрады: спорт, таланттар мен дағдылар, кітап оқу, Ұлттық мұра, волонтерлік, экспедициялар мен жорықтар, еңбек практикасы. Бағдарламаға 14-29 жас аралығындағы жас қазақстандықтар қатысады. Жобаның мақсаты — қиындықтарды жеңе алатын, әртүрлі салаларда өзін жүйелі түрде дамыта алатын, басқаларға қамқорлық жасай алатын, алға қойылған мақсаттар мен биіктерге жете алатын үйлесімді дамыған тұлғаны қалыптастыру. Бұл жоба әр қатысушы үшін білім беру, шығармашылық, мәдени және басқа да қабілеттері мен таланттарын кеңейтуге жағдай жасайды. Бағдарлама әрбір қатысушыға өз мамандығын таба алатындай, өзін-өзі бағалауды жоғарылататын, өз саласында көшбасшы бола алатындай етіп жасалған.

2020 жылдың 14 желтоқсанында Тәуелсіздік күні қарсаңында елордалық алғашқы 14 оқушы қола медаль иегерлері марапатталған болатын. Еліміздің көктемгі жаңару мерекесі-Наурыз мейрамын мерекелеу қарсаңында «Елбасы медалі» бағдарламасының барлық кезеңдерінен сәтті өтіп, жобаның барлық шарттарын орындаған тағы 28 жеңімпаз қола медальмен марапатталды.

Жүлдегерлерді осындай беделді марапатпен құттықтаймыз! Сіздерге бақыт, денсаулық тілейміз!

Жеңіс жолында жетістіктерге жете беріңіздер қымбатты достар!