Ұстаз мәртебесі мақтаныш!

Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға.
Абай Құнанбаев

Дарын республикалық орталығы Ұстаз мәртебесі мақтаныш! – атты медиа шарасын жалғастыруда.

Бүгін назарларыңызға Нұр-Сұлтан қаласы дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының математика пәні мұғалімі Муаммер Гүл жайлы бейнероликті ұсынамыз.

Муаммер Гүл Түркияда Мармара Университетінің математика факультетін бітіріп, еңбек жолын Қазақстанда 1994 жылы Ақтөбе лицейінде бастаған. Мұғалімдік – ол үшін өзінің жүрек қалаған мамандығы.

Биыл еңбек өтіліне ширек ғасыр болады. Осы жылдары тек екі оқу ордасында еңбек етті. Олимпиада мен сайыс жарыстарға оқушы дайындау – ұстаздық өмірінің мәні десе болады. Осы уақыт аралығында Халықаралық, Республикалық, қалалық олимпиадалардан шәкірттері жалпы саны 2413 медаль иеленген екен.

Муаммер Гүл – Гиннестің рекордтар кітабына енген ұстаз, «Әлем мұғалімі 2020» жаһандық премиясының Қазақстандағы амбассадоры, «Үздік педагог 2019» премиясының жеңімпазы.

Ұстаздың ойынша, жалпы жаман мұғалім болмайды, дарынсыз шәкірт те болмайды. Ол үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, олардың бала арманы мен сырлы тағдырын көргенде, оған сан мәрте көз жеткізген екен.