Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының «ЕL UMITI» бастамасын іске асыру мақсатында 2020 жылғы 30 желтоқсанда «Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығында «Qabilet» кәсіби бағдар беру қызметінің салтанатты ашылуы өтті.
«Qabilet» кәсіби бағдар беру қызметі 7-11 сынып оқушыларының зияткерлік қабілеттерін анықтауға және болашақ түлектің талаптары мен сұраныстарына жауап беретін мамандық, оқу орнын таңдауда психологиялық көмек көрсетуге бағытталған.
«Qabilet» қызметі жыл бойы оқушыларды және олардың ата-аналарын зияткерлік қабілеттерін тереңдету, кәсіби кеңес беру және кәсіби маңызды құзыреттіліктерді меңгеруге ынталандыру үшін жеке сұраныстары бойынша қабылдайды.
«Qabilet» орталығында диагностика жүргізу бойынша арнайы мамандар көмек көрсетеді. Клиенттермен жұмыс жөніндегі менеджер: телефон арқылы өтінімдерді қабылдайды және бағдарламалардың электрондық базасында тестілеуден өтуге ниет білдірушілерді тіркейді; психолог-кеңесші: тестілеуден өту кезінде консультациялық көмек көрсетеді; кәсіптік бағдар беруші (психолог): Қазақстанның арнайы орта және жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндіктері туралы ақпарат береді; үйлестіруші маман (психолог): пилоттық мектептердің қызметіне әдістемелік сүйемелдеу жүргізеді, психологтерге кеңес беру үшін мектептерге барады және жұмыс көлемі артқан жағдайда психологтерге көмек көрсетеді.
Орталықтың ашылу салтанатына Нұр-сұлтан қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Иманғазинова Римма Асымқызы, «Қызылжар Абай орта мектебі» ҚҚ және «Co-Make» ҚҚ өкілдері «Амалтея» ғылыми-өндірістік фирмасының (ЖЗҚ) өкілдері қатысты.
Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Иманғазинова Римма Асымқызы лента қиып, «Qabilet» қызметінің жұмысын ресми түрде бастады.
Ашылу рәсімнен кейін қонақтарға кәсіби бағдар беру қызметінің барлық мүмкіндіктері көрсетілді: мектеп оқушыларымен кәсіби бағдарлауды анықтау бойынша диагностика жүргізілді. Тестілеу барысы қонақтардың үлкен қызығушылығын тудырып, олар да диагностикадан өтті.
Диагностика аяқталғаннан кейін тестілеуге қатысушылардың барлығына қорытындылары үлестіріліп, мамандардың кеңесі берілді.
Іс-шара ҚР арнайы-орта және жоғары оқу орындарының базасын таныстырумен аяқталды.
Ашылу салтанатының соңында қонақтар орталық жұмысына сәттілік тіледі.