Қазыналы қазақ елінің жас химиктері дараланды

КСРО-ның Орта Азия мен Қазақстаннан шыққан тұңғыш академигі, Қазақстан ғылым Академиясының тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаев атындағы химия пәнінен 9-11 сынып оқушылары арасында республикалық олимпиада 2024 жылдың 29 қазан мен 1 қараша айы күндері аралығында Жезқазған қаласында өтті.

Олимпиаданың мақсаты – ең қабілетті оқушыларды анықтау, олардың химия ғылымына деген қызығушылығын дамыту, пәнді тереңдетіп оқытуды ынталандыру.

Жас химиктер арасындағы бұл олимпиадаға Астана қаласы білім беру мекемелерінен өткен оқу жылындағы пәндік олимпиадасының республикалық кезеңі жүлдегерлері №27 мектеп-лицейінің оқушысы Гранковская Елизавета, «Nurorda» мектеп-лицейінің оқушысы Ибраимов Абдижан, Canadian халықаралық мектебінің оқушысы Тарих Равиль қатысты.

Елордалық жас химиктер командасы жоғары білім деңгейін дәлелдеп, 3 жүлделі орынға ие болып, 100% сапа көрсетті, оның ішінде: №27 мектеп-лицейінің оқушысы Гранковская Елизавета алтын медаль, «Nurorda» мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Ибраимов Абдижан және Canadian халықаралық мектебінің 11-сынып оқушысы Тарих Равиль күміс медаль иегері атанды. Сонымен қатар Равиль Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің білім грант иегері атанды.

Қазба байлығы жетіп жығылар елдің болашағына химия саласына аса қызығушылық танытып жүрген жасөспірімдердің қосар үлесі зор екеніне үмітпен қараймыз.

Осындай лайықты жеңіс нәтижесі мұғалім мен оқушылардың бірлескен еңбегінің жемісі.

Педагогтердің жоғары кәсібилігі мен шығармашылық еңбегінің арқасында астаналық оқушылар жыл сайын түрлі деңгейдегі пәндік олимпиадаларда жеңіс тұғырынан көрініп келеді.

«Астана дарыны» орталығы олимпиада жеңімпаздарын, сондай-ақ олардың ата-аналары мен мұғалімдерін құттықтайды!